Қоғам

50 бозбалаға әскерге шақыру учаскесіне тіркеу туралы куәлік тапсырылды

Жандос Жаманбалинов – Петропавл қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы:


–  Бүгін 50 бозбалаға әскерге шақыру учаскесіне тіркеу туралы куәлік беріледі. Олар қаламыздың бірнеше мектебінде оқитын жастар. Жалпы, қаңтар мен наурыз айлары аралығында Петропавл қаласында 1500-ге тарта жасөспірімге осындай құжат тапсырылмақ. Қазіргі күні олардың 600-і әскери есепке алынды.

Көп кешікпей куәліктер иелеріне тапсырыла бастады. Бұл құжатқа қол жеткізгендердің арасында Сұңғат Қапаров та бар.

Сұңғат Қапаров – Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің студенті:


–  Әскерде қызмет ету – әрбір жігіттің қасиетті парызы. Өзім болашақта Отан алдында азаматтық борышымды міндетті түрде өтейтін боламын.

Айта кетейік, жасөсіпірімдерге куәліктер Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғандығына 29 жыл толуы қарсаңында беріліп отыр. Бүгінгі шараға кезінде ұрыс даласында болып, интернационалдық борыштарын өтеп қайтан жерлестеріміз қатысуда. Олар жиын барысында жасөспірімдерге өздерінің ақыл-кеңестері мен тілектерін айтты.

Михаил Букин – Ауған соғысының ардагері:


–  Болашақ әскерге шақырылушылар Отан алдында адал қызмет етсін. Олардың бойларынан әрқашан ерлік қасиеті табылсын. Сонда әскеріміздің айбыны асқақ болады. Кейінгі ұрпақ бейбіт күнде өмір сүрсін деп тілек білдіремін.

Салтанатты шара соңы шағын концерттік бағдарламамен аяқталды.

 

Култанов Байболат