МТРА жаңалықтары

Жыл басынан теріскейліктерге ХҚКО-да “Connection point” арқылы 40 мың 568 қызмет көрсетілген

Жұмысты біржақты етіп, оңтайландыру үшін атқарылып жатқан шаруа мол. Мәселен, бүгінде орталықтың бірінші қабаты – “connection point”, яғни өз-өзіңе қызмет көрсету аймағы болып саналады. Мұнда ондаған арнайы қондырғылар орнатылған. Олардың көмегімен мекен жай анықтамасы, сотталмағандығын растайтын құжат сынды бірқатар қажетті куәліктерді бірер минут ішінде алуға болады.

Асылбек Шаяхметов – қала тұрғыны:

–  Жалпы, мұндағы жүйе қолданысқа ыңғайлы. Өз-өзіңе қызмет көрсету аймағында консультант-мамандардың тұрғаны жақсы. Кез келген сұрақ бойынша кеңес беріп, кейбір түсінбеген тұстарыңды көрсетіп жібереді. Бүгін мекен жай және жылжымайтын мүліктің жоқтығы жайлы анықтамалар алдым. Бар жоғы 7-10 минуттай уақытым кетті.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Айта кеткен жөн, бұл қызмет түрлері қазақстандықтар үшін әлдеқайда қолжетімді. Ол үшін тіпті цифрлық қолтаңбаның да қажеті жоқ, тек смартфоныңызға egov қосымшасын жүктесеңіз болғаны. Бірақ, алдымен халыққа қызмет көрсету орталығы не болмаса электрондық портал арқылы авторизациядан өткен жөн. Кейін бір реттік құпиясөз арқылы кез келген анықтаманы үйде, жұмыста, сабақта отырып та алуыңызға болады.

Бұл ыңғайлы әрі қауіпсіз дейді, орталық мамандары. Бүгінде бір реттік құпиясөз арқылы 30 шақты анықтамаға қол жеткізуге болады. Ал, цифрлық қолтаңба көмегімен алатын қызмет түрлері 700-ден асады.

Ермек Жакин – “Азаматтарға арналған үкімет” МК КЕ АҚ СҚО бойынша филиалы – “ХҚКО” департаментінің HR менеджері:

–  Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары адамдардың көп жиналатын орындары, ауруханалар мен білім беру ұйымдарына жиі барып тұрады. Тұрғындарға электрондық үкімет порталы және онда көрсетілетін қызмет түрлері туралы хабардар етеді. Бұл шаралар қазақстандықтардың аталған саладағы сауаттылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылады.

Бұған қоса, орталыққа колледж және жергілікті жоғары оқу орындарының студенттері де жиі келіп тұрады екен. Аптасына бір рет оларға “connection point” пен электрондық порталда жұмыс істеу бойынша түсіндіру шаралары ұйымдастырылады.

Эльмира Сәдуақасова