Әр түрлі

Теріскейліктердің 78 пайызы интернетті белсенді қолданады

Ерекше, достарыңда жоқ киімді кием десең, дайын тамақ ішіп, жиһаз бен электроника сатып алам десең де интернет көмекке келеді. Осылайша, үйде жатып-ақ, соңғы үлгідегі сәнді көйлек пен аяқ киімнің иесі атанасың. Мәселен, өткен жылы қазақстандықтар интернет-дүкеннен тауар алуға 2016 жылмен салыстырғанда 4 есе көп қаражат жұмсаған. Әсіресе, киім, гаджет, кітап пен тұрмыстық техникаға жерлестеріміз ақшаны аямайтын көрінеді.

–  Интернеттен керек дүниенің барлығын табуға болады. Сондықтан да, бұндай сатып алуларды қолдаймын. Әрине, абай болған жөн.

– Бір рет қосалқы саймандарға тапсырыс бергем. Кеш келді, оған қоса сатушы мүлдем басқасын салып жіберіпті.

Бүгінде интернет-дүкендерден көп сайт жоқ шығар. Олардың, тіпті, вконтакте, фейсбук пен инстаграм желілерінде де парақшалары бар. Осындай қызмет түрін қолданатындардың бірі – Азалия Рязапова. Алғашқы тапсырысын 10 жыл бұрын жасаған ол қазір киім-кешек пен барлық қажетті заттарды интернет арқылы сатып алады екен. Бұлай ыңғайлы, үнемді әрі таңдау көп дейді нәзікжанды.

Азалия Рязапова, қала тұрғыны:

– Біздің қаламызда тауарлар сұрыптамасы аз. Кейде интернеттен әдемі кешкі көйлек көріп қаласың, бірақ оны Петропавлдан табу мүмкін емес. Шаһарымызда сауда-саттық қанша дамығанымен, кейде ерекше киім кигенді қалайсың. Осындайда интернет-дүкендер таптырмаймын шешім деуге болады. Бірақ, тауарды мұқият таңдау қажет. Сатушылардың арасында алдап кететіндері де бар.

Алайда, суреттегі әдемі заттың сапасы іс жүзінде сын көтере бермейді. Интернет арқылы тапсырыс берген тауар, тіпті, келмей қалуы мүмкін. Не болмаса сатушы заттың түсін, маркасын ауыстырып алып жататын кездер де болады екен. Нұрдәулет Шаяхмет 5 жыл қатарынан сауда-саттығын ғаламтор арқылы жүзеге асыруда. Осы уақыт ішінде талай рет алданып қалғанын да мойындайды. Сондықтан, кез келген тауарды интернет арқылы сатып алар кезде алдымен сатушыға берілген бағаның көмегімен оның сенімділік деңгейін анықтау керек.

Нұрдәулет Шаяхмет – қала тұрғыны:

–  Машинамның бір бөлшегі сынып қалды. Интернеттен тапсырысқа бердім. 30 күн күттім. Енді орнатайын десем, көлігіме келмейді екен.

Жалпы, бүгінде интернетті теріскейліктердің 78 пайызы белсенді түрде пайдаланады екен. Олар тек киім-кешек, жиһаз, электроника ғана сатып алмай, түрді төлемдерді де ғаламтор арқылы жүзеге асырады.

Эльмира Сәдуақасова