Қоғам

Айыртау ауданының даму қарқыны

Зинулла Қазиев – «Лобаново» ЖШС директоры, Айыртау ауданы:


–  Біздер қалмақ сиыры мен ангус тұқымдас ірі қара алдық. Күніне 900 грамм салмақ қосады. Азық қоры бар. Әзірге, жеткілікті.

Мал басын өзге де шаруашылықтар арттырып жатыр. Келешекте қосымша база бен цехтер салу да жоспарлануда.

Едірес Жанапин – Айыртау аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:


–  Алдағы уақытта бұл көшті «Лагунский» шаруашылығы жалғастыратын болады. Олардың базасы жақсы. Келешекте буаз сиырларға арналған бөлімше салмақ. Тағы «Красная горка» серіктестігі жұмыс жасап жатыр. Астанадан келген кәсіпкерлер қараша айында 200 басқа арналған база тұрғызды. Сүтті бағыттағы сиырлар саны – 70 бас. Тағы баздар тұрғызып, жылқы әкелді.


Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Мал шаруашылығында жаңа технологияларды енгізу қажет. Мемлекет қолдау көрсетеді. Сондықтан, бюджеттік қаржы құйып, көмек көрсетілетін шаруашылықтар міндетті түрде цифрландыру жобасына қатысуы тиіс.

Мал шаруашылығына мемлекеттен берілетін субсидияны тек өңір шаруалары ғана алады екен. Еліміздің өзге аймақтарына мұндай қолдау көрсетілмейді. Сондықтан, бұл бағытта жұмыс жасау пайдалы деген облыс әкімі экспорт мәселесі де оң жолға қойылатындығын тілге тиек етті. Биыл аудандағы 3 ауылға таза ауыз су тартылатын болады. Аудан орталығында модульді қазандық пен жылу желілері салынады. Орталықтандырылған жылу желісіне қосылуы тиіс 18 үйдің бүгіндері 4-уі жылумен қамтылып отыр.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Орталықтандырылған жылыту жүйесіне жыл сайын бір үйден болсын қосып отыру қажет. Бірақ, 9 қабатты үйлер әзірге қалыс қалады. Өйткені, оларда ең алдымен лифт жасау керек. Оны біз зерттеп, тексердік.

Айыртаулықтар шағын және орта бизнесті дамыту бағытында да жақсы жұмыс жасаған. Олар мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысыпты. Өткен жылы мұнда 27 жаңа нысан ашылып, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 224 млн теңгенің 10 жобасы мақұлданған. Мемлекет қолдауын көкшетаулық «Гормолзавод» серіктестігі де пайдаланып, кәсіпорынның Саумалкөлдегі өндірістік цехінде дайындалатын өнім түрлерін арттырмақ. Олар жазда қатты ірімшік жасап шығармақшы.

Асен Жақсылықов – «Гормолзавод» ЖШС филиалының директоры, Айыртау ауданы:


–  Біздің басты зауытымыз Көкшетауда орналасқан. Ол көптен бері жұмыс істейді. Сондықтан, өнімдер, халыққа жақсы таныс, бренд болып қалыптасқан. Астанада фирмалық дүкендеріміз бар. Мақсатамыз – тұтынушыларға сапалы тауар ұсыну. Ал, оны жасау үшін қажеттінің бар. Ең бастысы, шикізат қоры жақсы.

Айыртаулықтар туризм саласын қалай дамытатындықтары жайлы да сөз етті. Кәсіпкерлер демалушыларға жақсы жағдайлар туғызып, жаңа үйлер мен мейрамханалар салуды жоспарлап қойған. Осы ретте облыс әкімі жасағалы жатқан жобалар заманауи болуы керектігін ескертті. Яғни, өткен стильді ұмытып, салынатын ғимараттарға жаңа реңк беру қажет.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Архитектуралық тұрғыдан олар әдемі, өзіне тән мәдениеті мен әсемдігі болуы тиіс. Соны ерекше бақылауда ұстаймыз. Әрине, туризм саласындағы жобаларға құйылған қаржы тез-ақ қайтарылмайды. Ол үшін уақыт керек. Ал, егер ол талапқа сай келмесе онда жақсы табыс табуға үміттенбеген жөн. Сол себепті, ең бастысы нысандар заманауи стандарттарға сай болуы қажет.

Сондықтан, ауданға жаңа келген әкім жоғарыда айтылғандардың бәрін естіп қана қоймай, жүзеге асыруға да білек сыбана кірісуі қажет. Туризм саласына қаржы құюға ниет танытқан инвесторлармен жақсы жұмыс жүргізілуі тиіс деген облыс әкімі Құмар Ақсақалов мемлекеттен қолдау болатындығын жеткізді.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Мардымды жоба жасалып, инвестор ауқымды қаржы құйып, заманауи база жасалса, мемлекет қолдау көрсетеді. Инфрақұрылымды жақсартуға көмек көрсететін боламыз. Нысандарды газбен қамтуға да дайынбыз.

Володар селолық округінде Шалқардан 800 метр жерде көлігімен ұзақ жол жүріп келген жолаушылар тоқтайтын жер ұйымдастырылмақ. Бір гектар аумақта жайғасатын нысанның маңында 65 сотық жерде этноауыл да болады.

Гүлнар Өтеулина – Айыртау аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:


–  Этноаул аумағындағы 10 үй этномәдени стильде тұрғызылатын болады. 9 нысанда сауда алаңдары ұйымдастырылып, туристерге арналған кәдесыйлар сататын орын қарастырылмақ. Онда ауданның қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдары саудаланады. Және шағын архитектуралақ құрылымдар бой көтеріп, жарық пен су тартылады.

Этноауылдың құрылысы сәуір айында басталады. Жобаның жалпы құны 40 млн теңгені құрап отыр. Оған қаржы аудандық бюджеттен бөлінеді. Бұл идея облыс әкімінің қолдауын тапты. Бірақ, оның орналасар жері аса қолайлы емес деді Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Егер нысан көлден алыс жерде орналасса ол аса қолайлы болмайды. Барлығы жақын маңда болуы тиіс. Яғни, су орман, тоғайлардың жанында болғаны дұрыс. Бірақ, ол жер ұлттық паркке тиесілі екен. Сол себепті, бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастырып, біржақты ету керек.

Ал, мынау бұрын көпшілікке жақсы таныс болған «Шалқар су» санаторийі. Мұнда соңғы рет қашан жөндеу жүргізілгенін ешкім дөп басып айта алмайды. Осыған дейін ұзақ уақыт ІІМ-нің қарамағында болған нысанды өткен жылы аукционда кәсіпкер сатып алыпты. Демалыс орны тек жазғы маусымда жұмыс істейді. Күніне мұнда 50 адам келетін көрінеді.

Марат Смағұлов – «Арқа» санаторийінің атқарушы директоры, Айыртау ауданы:

 

– Ауа райы жақсы болса жаздың күндері кісілер көп келеді. 40 адам жұмыс істейді. Ал, қысқы маусымда тек 5-уі қалады. Санаторий жақсы. Медициналық корпусты көрдіңіздер. Онда сазбен емдейтін жер бар. Ал, негізінен көлге шомылуға адамдар көптеп келді. Оның емдік қасиеті бар. Скважинадан радон суы ағады.

Бірақ, табиғаттың көркемдігін бүлдірмей, керісінше әдемілігін арттыра түсу маңызды. Сондықтан, демалыс орны талаптарға сай болуы үшін мұндағы корпустар жөндеуді қажет етеді. Ал, бұл шаруаға биыл қаржы бөле ме, жоқ па, оны кәсіпкердің өзі, әзірге, айта алмай отыр.

Мағжан Ахмадина