Қоғам

Жыл басынан аз қамтылған азаматтарды қолдаудың жаңа жүйесі жүзеге асуда

Марина Маркова – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

– Егер, жанұя толығымен жұмысқа жарамсыз мүшелерден, яғни мүгедектерден, науқастардан, жасы үлкен адамдардан не 7 жасқа дейінгі бала күтіміндегі жандардан тұратын болса, оларға бұрынғыдай шартсыз қаржылай көмек көрсетіледі. Бұл ақпарат тоқсан сайын тексеріліп отырады.

Ал, отбасында еңбекке қауқарлы азаматтар бола тұра, олар жұмыс таба алмай жүрсе, не табыс көзі төмен болған жағдайда жанұя әлеуметтік қаржылай көмекке жүгіне алады ма?

Саят Ермек – тілші:


– Мәселен, сіздің отбасыңызға бір айда түсетін жалақы мөлшері 30 мың теңгені құрайды делік. Егер бұл соманы жанұя мүшелерінің санына бөлгенде шыққан қаражат 10971 теңгеден төмен болса, сіз мемлекет көмегіне жүгіне аласыз. Айта кетейін жәрдем мөлшері жанұя мүшелерінің санына тікелей байланысты.

Айлық табыстан әр отбасы мүшесіне тиесілі қаражат облыстағы күнкөріс минимумының жартысынан төмен болса, жанұя шартты қаржылай көмек ала алады. Алайда, жаңа жүйеге сәйкес бұл жәрдемақыға ие болу үшін жұмысқа жарамды отбасы мүшесі жергілікті атқарушы органдармен әлеуметтік келісім-шартқа отыруы тиіс.

Марина Маркова – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

– Келісім шартқа сәйкес әлеуметтік қызмет өкілдері еңбекке жарамды отбасы мүшесіне жұмыс тауып беруге жәрдемдеседі. Ал олар өз кезегінде мамандар ұсыныстарын назарға алып, қызмет істеуге ұмтылуы тиіс. Егер, бұл шарт бір рет орындалмаса отбасына төленетін жәрдемақы мөлшері 50 пайызға қысқарады, ал екінші рет орындалмаған жағдайда қаржылай көмек мүлде тоқтатылды. Келісім шарт 6 айға жасалады.

Сәйкесінше шартты қаржылай жәрдемақыны төлеу уақыты аяқталған соң оны жаңартуға болады. Жыл басынан бері теріскейде мұндай көмек алуға 750 аз қамтылған отбасы өтініш білдірген. Қаржылай көмектің бұл түріне ел және облыс қазыналарынан 320 млн теңге бөлініпті. Айта кететін жәйт, шартты әлеуметтік қолдауды рәсімдеу үшін енді тұрғылықты жері бойынша ауылдық округ әкіміне немесе аудандық, қалалық жұмыспен қамту орталықтарына жүгіну керек.

 

Саят Ермек