Қоғам

Славян халқы “Масленница” мейрамын атап өтуде

– Жыл сайын тойғанша құймақ жейміз, қонақтарды қарсы алумен әлек боламыз. Ал жексенбі алаңға шығып, ойындар ойнаймыз.


– Ауылда тұрғанда қызық болатын, қалада мейрам айтарлықтай білінбейді. Десе де, құймақ құйып, ән айтамыз, мейілінше көңіл көтереміз.

Бұл мейрамда ескі өкпе-реніштер ұмытылып, жұртшылық апта бойы ойын-сауық құрады, үйді-үйге қонаққа барып, дәмді құймақтан ауыз тиеді. Құймақ демекші, масленницаның басты тағамын әзірлеу қиын емес.

Наталья Михайлова – “Самовар” мейрамханасының аспазы:

– Бұл үшін бізге жарты литр сүт, ұн, 3 жұмыртқа, сары май, қант пен тұз секілді қарапайым ингредиенттер қажет.

Таңсәріден мерекені тойлаушыларға дәмі тіл үйірер құймақ дайындап жатқан “Самовар” мейрамханасының аспазы Наталья Михайлова, қанша жерден қарапайым болғанымен, құймақ құйғанда бірекі маңызды қағиданы ұмытпау керек дейді.

Наталья Михайлова – “Самовар” мейрамханасының аспазы:


– Ең бастысы құймақты сүйіспеншілікпен әзірлеу керек. Егер қамырға жүректің бір бөлшегін қоспаса, тағам табаға жабысып қалады. Жалпы айтсам, құймақ әзірлеу барысында жұмыртқа мен майлылығы жоғары сүтті аямаған абзал, ал ұнды араластыра отырып біртіндеп қосқан жөн. Бастысы, қамыр тым қою болмауы тиіс.

Мерекеде ұстанатын ырымдарға сан жетпейді. Бұл күндері құймақ құйып, дастарханға қою бекреден-бекер емес, әрине. Оның да өз себебі бар.

Саят Ермек – тілші:

 


– Масленница мерекесінде неге құймақ дайындайды деген заңды сұрақ туындайды. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, дәмнің бұл түрлі дөңгелек әрі ыстық. Осыны ескерген славян халықтары құймақты қатты әрі ұзақ қыстан кейін бойы көтерген шырайлы күнге теңеген.

Жеті күнге жалғасатын масленницаның әр күні өздігімен ерекше. Дүйсенбі-сейсенбіде көрші-қолаң қонаққа барысса, сәрсенбіде күйеу бала қайын енесінің есігін қағып, құймағын жейді. Бейсенбі ауыл жиналып, ойындар ойнайды, жарыстар ұйымдастырады. Ал мейрамның соңғы күні – жексенбіде дүйім жұрт сабан қуыршақты өртеп, сауық-сайранмен қысты шығарып салады. Петропавлда аталмыш мереке ақпанның 18-і сағат күндізгі 11-де орталық алаңда өтпек.

Саят Ермек