Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қаламызда алғашқы ерлер салоны ашылды

Бұл – әйел қызметкерлерден басқа ешқандай нәзік жанды бас сұға алмайтын, ерлер қысылмай өз-өзіне күтім жасатқызатын шаһарымыздағы тұңғыш ерлер салоны.

Татьяна Карпенко – “Keen razor” ерлер сән салонының шебері:


–  Barber shop-тың ашылуына біраз дайындалып, барымызды салдық. Біздің салонда ерлердің көркін ашу үшін түрлі қызметтер көрсетеміз. Мұнда шаш қидырудан бөлек жігіттердің қастарын жұлып, сақал-мұрттарын ретке келтірмекпіз. Сондай-ақ, алдағы уақытта қол, аяқ тырнақтарына да күтім жасауды ойластырып жүрміз.

Бүгінде барбершопта бір уақытта 3 адамға қызмет көрсетіледі. Ер азаматтар 3 нәзік жанды шебердің біріне жазыла алады. Мұнда шаш пен сақал-мұртты ретке келтіру құны шамамен 1500-нан 2500 теңгені құрайды. Сән салонында өз кезегін күткендер уақыттарын ойын залында көңілді өткізе алады. Жалпы аталған мекемеге қажетті құрал-жабдықтар мен оны жөңдеу жұмыстарына 5 млн теңге көлемінде қаражат жұмсалыпты.

Арман Ақылбеков – “Keen razor” ерлер сән салонының әкімшісі:

– “Даму” қоры” АҚ-ның 85 пайыздық кепілдігімен “Сбербанктан” 5 жылға 5 млн теңгеге несие алдық. Жеңілдетілген қарыздың жылдық мөлшерлемесі 6 пайызды құрайды. Ақшаның басым бөлігі сұлулық салонына керекті дүниелерді сатып алуға жұмсалды.

Жалпы былтыр өңірімізде “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы” аясында 208 млн теңгенің 18 жобасы мақұлданыпты. Оның алтауына “Даму” қоры” АҚ арқылы 32 млн теңгеге кепілдік берілген.

Гүлмира Жақыпова – «Даму» қоры» АҚ СҚО бойынша өңірлік филиалының бас менеджерi:

– Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы” аясында өз істерін ашуды, не кәсібін одан әрі дамытуды ойластарып жүрген азаматтар “Даму” қорының жергілікті филиалына келе алады. Онда мамандарымыз кәсіпкерлерге қандай құражаттарды жинап, не істеу керектігін түсіндіріп, кеңес береді.

Айта кетсек, аталған бағдарлама аясында несие аламын деуші теріскейлік кәсіпкерлерге 19 млн. теңгеге дейін қаражат беріледі.

 

Тогжан Акмагамбетова