Білім

Биыл теріскей тумасы ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл

Шараға 11-ші сынып оқушысы Әдия Жәлел де белсене ат салысуда. Қалың жұртшылыққа ол Мағжанның «Жәмилә» өлеңін оқып берді.

Әдия Жәлел – М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы мектеп-лицейдің оқушысы:

– Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері жастарды патриоттық сезімге баулиды. Кезінде, ол кейінгі ұрпақтың рухын көтеруге септескен. Сондықтан да, ол өзіме жақын ақындардың бірі.

«Мағжан сенген ұрпақпыз» атты патриотты марафон М.Жұмабаев ауданында бастау алған. Қазір мұндағы 1-11ші сынып аралығындағы әрбір оқушысы ақынның кем дегенде бір өлеңін жатқа біледі. Тағы, Мағжан атамыздың жерлестері өңіріміздің жас ақындарының жыр жинағын да марафонмен бірге аудан-ауданға тапсырмақ. Туындыға қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы – Мағжанға арнап шығарылған өлең шумақтары топтастырылмақ. Өңіріміздің әрбір ауданында өтетін іс-шарадан соң, бұл жинақ Сарытомардағы ақынның музейіне табысталады.

Рысжан Нұрғалиева – М.Жұмабаев ауданының білім бөлімінің жетекшісі:


–  Аудан бойынша бізде 45 мектеп бар. Онда 3700-ден астам бала білім алуда. Бүгінде олардың барлығы Мағжан Жұмабаевтың бір өлеңін болса да, жатқа біледі.

Дәл осы күні Мағжан Жұмабаев және Шал ақын аудандары үшін білім ошағында ҰБТ арналған дайындық өтуде. Бірақ, шара оқушыларға емес, олардың ұстаздарына арналған. Мектеп-лицейдің пән мұғалімдері, аудандық әріптестерін түлектерді сынаққа дайындаудың ерекше әдістерімен таныстырмақ. Себебі, бірнеше жыл қатарынан білім ұясының оқушылары тестілеуден жоғары нәтиже көрсетуде. Әсіресе, бұндай жиын былтыр енгізілген жаңа форматтағы емтиханға әзірлікте молынан септеспек. Мәселен, бұрындары оқушылар қазақ тілінен тест тапсырса, енді эссе жазу қажет. Бақыт Жүзен 23 жыл бойы аталған пәннен сабақ береді. Сондықтан, педагогтың бұл саладағы тәжірибесі мол.

Бақыт Жүзен – М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

 


–  Эссе жазудағы әрбір оқушының талабы әр түрлі. Сондықтан, оларға қалай ұтымды жазу керек екенін көрсететін боламыз. Эссе жазудың алгоритмін шығарған болатынмын. Сонымен бөліспек ойым бар.

Жалпы, шараға қазақ тілі, тарих, математика сынды бірнеше пәндердің 60-тан астам мұғалімі қатысты.

Эльмира Садвокасова