Аптадағы маңызды жаңалықтар

Шаһар басшысы Марат Тасмағанбетов халық алдындағы 4-ші есептік кездесуін өткізді

Былтыр аталған аудандардан түскен барлығы 67 ұсыныс-тілек 100 пайызға орындалыпты. Балалар алаңқайлары орнатылып, аулаішілік 27 жол асфальтталған. Басқа да жұмыстарды шаһар басшысы есептік кездесу барысында тізіп шықты.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:


– Ашық суағарлар жөнделіп, 300-ден астам ауру және апатты жағдайда тұрған ағаштар кесілді. Сіздердің өтініштеріңіз бойынша шұңқырлар жамалып, шеткері жолға тас төсеу жұмыстары атқарылды. Өткен жылы осы залдан 7-ші және 19 маршруттағы автобустарға қатысты шағым көп түсті. Биыл біз аталған бағытта жолаушылар тасымалдайтын мердігерлермен келісім шартты бұздық. Конкурс өткізіп жауапкершілігі жоғары тасымалдаушыны тауып береміз.

Марат Тасмағанбетов былтыр атқарылған жұмыстарды қорытындылап, биыл түскен жазабаша сұрақтарға жауап берді. Карьерный, Чернышевский, Василенко көшелерінде тұратындар колонка орнатып беруді сұрады. Абай, Маяковский, көшелерінің тұрғындары болса, аулаға балалар алаңқайлары салынып, ондағы заңсыз нысандар сырылса дейді. Ал, кейбір үйлердің алды жарықтандырылмаған.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:


– Аула ішін жарықтандыру мәселесін назарға алатын боламыз. Сонымен қатар, заңсыз орнатылған гараждарды алып тастау жағын қарастырамыз. Кейбір базарлар мен үйлердің жанында көлік тұрағы жоқ. Бұл мәселе де біртіндеп шешіледі.

Тұрғындардың өтініші бойынша Былғары зауыты ауданында жолдарға қиыршық тастар төселіп, гүлзарлар пайда болады. Залға жиналғандардың көпшілігі жол мәселесін де көтерді.

Биыл облыс орталығында бірқатар жол жөнделіп, негізгі көшелерге жарықты өздігінен реттеп отыратын диодты шамдар орнатылмақшы.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

 


– Биыл аулаішілік жолдарды жөндеуге 600 млн теңге бөлінді. Бұдан өзге Советский, Чкалово, Рыжов сынды негізгі жолдарға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарымызда бар.

Аталған көшелерде тұратын жұртшылық жолдар жөнделгенде суағарлардың болуы ескерілсе деген өтініштерін білдірді. Себебі, төменде орналасқан үйлерге қызыл су келуі мүмкін.

Бұл шаһар басшысының халық алдындағы соңғы жиыны емес. Әлі алда 5-ші есептік кездесуі бар. Содан кейін бүкіл өтініштер сараланып, қалалық бюджет қайта қаралатын болады. Марат Тасмағанбетов елден түскен ұсыныс-тілектердің барлығын мүмкіндігінше орындауға тырысамын деді.

Берік Қасен