Әр түрлі

Өңір көлдерінде аэрация жұмыстары жүргізілуде

Әсіресе, биыл су бетіне қатқан мұздың қалыңдығы 80 см-ге жетіпті. Балықтың жаппай қырылуын болдырмаудың жолы бар. Ол үшін облыстық табиғат ресустары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мамандары мұз бетінде ұңғымалар жасап, аэрация жүргізеді.

Тоғжан Ақмағамбетова – тілші:


– Негізі, мамандар аталған мұз ойғыштың көмегімен ойық ояды. Содан соң, оның үстіне арнайы қондырғыны орналастырып, балықтарды оттегімен қанықтырады.

“Глубокое” көлінде қазір 4 ұңғыма жасалған. Шаруаны атқаруға 12 жұмысшы мен 10 шақты техника жұмылдырылыпты.

Қайырбек Қасенов- “Мамлют орман шаруашылығы” КММ директоры:

– Бұл жұмыстарды ақпанның 7-сі күні бастап кеттік. Көлдегі шұңқырларды бір жерде ғана тесіп қоймаймыз. Уақыт өте келе ұңғымаларды су қоймасының басқа бөліктерінде жасаймыз. Жұмыстың еш қиындығы жоқ. Бастысы, балықтардың тұншығып қалуына жол бермеу қажет.

Жалпы облысымызда 2 мыңнан астам су қоймасы болса, оның 259-ы жергілікті тұрғындарға ұзақ мерзімге жалға берілген. Айта кетсек, қаңтар айының басынан өңіріміздегі 70-тен астам көлде аэрациялау шаралары жүргізіліп жатыр. Негізі бұл жұмыстар наурыз айының соңына дейін жалғасады.

Ерлан Тәшімов – СҚО табиғи ресустар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

 

– Биыл мұз өткен жылдармен салыстырған 1 айға кеш қатты. Сондықтан, қазіргі уақытта өзен-көлдердегі жағдай бірқалыпты. Апта сайын арнайы сараптамалар жасап, судағы оттегінің мөлшерін өлшеп тұрамыз. Жалпы мұзды бұрғылаған кезде жағымсыз иіс шықса, бұл балықтар үшін қауіп төнгенін білдіреді.

Айта кетсек, биыл өңіріміздегі балық шаруашылығына қолайлы 3 су қоймасында оттегі жіберу шараларын жүргізуге болмайды екен. Өйткені, бұл көлдер тым тайыз болып келеді. Сол себептен, мұндағы тіршілік иелері қатып қалмау үшін мелиора́ция жұмыстары қолға алынған.

Тогжан Акмагамбетова