МТРА жаңалықтары

“Нұрлы жер” тұрғын үй құрылыс бағдарламасы аясында 116 пәтерлі баспана тапсырылмақ

Бауыржан Бейсембаев – Петропавл қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Тұрғындардың өтініштері ақпанның 12-сі мен 22-сі аралығында қабылданады. Құжаттар міндетті түрде электронды түрде болуы тиіс. Қазақстандық ипотекалық компаниясы тұрғызған баспаналарға көпбалалы отбасылар, толық емес жанұялар мен 1,2- топтағы мүгедектер ие бола алады. Бұдан бөлек, пәтерлер мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелейтін әулет мүшелері және жетім балалар, ата-анасының қамқорынсыз қалған балалар және оралмандарға беріледі.

Сондай-ақ, бұндағы пәтерлерге мемлекеттік, әскери қызметкерлер және арнайы мемлекетік органдар мен бюджеттік ұйымдардың мамандары үміт арта алады. Айта кетейік, бұл баспаналар жалдамалы болмақ. Оның әр шаршы метріне 783 теңгенің төлемі қарастырылған. Аталған сомманың бір бөлігі үйді сатып алуға жұмсалса, қалғаны жалға алу құны. Жоспар бойынша жерлестеріміз бұл сомманы 20 жыл өтеуі тиіс. Ал, егерде ақшасы болып жатса 5 жылдан соң сатып алуға да құқығы бар. Айта кетейік, “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша тапсырылатын пәтердің кілтіне ие болу үшін тұрғындардан бастапқы жарна қажет емес.

Бауыржан Бейсембаев – Петропавл қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Пәтерге үміткер жанның міндетті түрде табысы болуы керек. Егер де тапқан ақшасы жетпейтін жағдайда, ол 3 кепілгерді тарта алады. Яғни, солардың кірісін үйді сатып алу мен жалдауға жұмсауға мүмкіндігі бар. Бұл ретте өтініш беруші тұлға кепілгерлердің соңғы 6 айлық табысын да электронды түрде жібергені абзал.

Тұрғындардың өтініштері қабылданған соң, Қазақстандық ипотекалық компания таңдау жүргізбек. Осы ретте айта кету қажет, пәтерлер құжаттарды алғаш жолдаған жерлестерімізге емес, қалалық әкімдікте баспана кезегінде бұрыннан тұрғандарға беріледі.

Култанов Байболат