Мәдениет

Облыс орталығында қолөнер бұйымдарының көрмесі өтті

Наталья Новикова – әділ қазылар алқасы:

– Қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Мұндай көрмелер балалардың бойында көркемдік талғамын тәрбиелейді және қолданбалы өнерге деген қызығушылықтарын арттырады. Айта кетерлігі, қала интернаттары шығармашылықтарымен ерекшеленіп, бірінші орындардан көрінеді.

Қолөнер бұйымдарының қай-қайсысы болмасын үлкен еңбек пен төзімділіктің арқасында дүниеге келгені байқалып-ақ тұр.

– Бұл киіз үйдің кішігірім макеті. Мұнда қазақ халқының дәстүріне сәйкес ағаш төсек, сандықтар, қоржын, түскиіз, ақ дастархан және бөстек бар. Бұл композицияны жасап шығуға балалардың 1,5 ай уақыты кетіпті.

Ал мына композиция “Самұрық” деп аталады. Қазақ халқының ертегісіне негізделген бұл картинаны жасап шығару үшін Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы Сабина Ибраева жарты жыл еңбектенген. Ол үшін бойжеткен алдымен картинаның эскизін салып, кейін үстінен жіппен бастырып тіккен.

Сабина Ибраева – көрмеге қатысушы:

– Мен тігуді мектебімдегі “Тұмар” үйірмесінде үйрендім. Бұл композицияны қыркүйек айынан бастап жасаған болатынмын. Ол үшін түрлі техникаларды қолдандым.

Жалпы қолөнер бұйымдарының бүгінгі көрмесіне өңіріміздің 9 ауданның мектептері мен Петропавл қаласының білім ошақтары ат салысқан. Әр аталым бойынша үздік деп танылған жұмыс иелері дипломдармен марапатталады.

 

Молдир Макишева