Қоғам

Қалалық 1-ші гимназия шәкірттері қарттар үйінің паналаушыларын қуантты

Мұндағы қариялардың бұл мекенді пана ету себептері әр алуан. Алайда, гимназистердің көздеген мақсаты бір – қарттарға қуаныш, күлкі сыйлау, кешіп жатқан тауқыметтерін бір күнге болсын ұмыттыру.

Диана Саржанова – Бірінші гимназия оқушысы:

– Менің де атам мен әжем бар. Оларды қатты жақсы көремін. Олар қасымызда. Сондықтан мұндағы отбасыларынан алшақ қалған қарияларға жақсы көңіл-күй, сүйіспеншілік, ілтипат сыйлағым келеді. Біздің бар екенімізді, оларды құрметтейтінімізді білсе деймін. Бүгін мен қарттар үшін скрипкада ойнадым.

Тәттілер мен жеміс-жидекке толы дастархан, жылы шұлықтар мен қолғаптар. Осының бәрін мектеп ұжымы ерекше құрметпен әрі қамқорлықпен қарияларға сыйға тартты.

Базарлықтарды киіп-көріп жатқан қарттардың қуаныштары мен алғыстарында шек жоқ.

Клавдия Соловьева:

– Бүлдіршіндерге тек денсаулық тілеймін. Олар бүгін біздің жасымызды біршама ұзартты. Өнерлері өрге жүзе берсін. Ал ең бастысы ата-аналарын, ата-әжелерін тастамасын, ұмытпасын. Себебі, олар киелі жандар.

Қариялардың тілегі бір – балғындар бізді ұмытпай, жиі келіп тұрса дейді.

Саят Ермек – тілші:

– Бұл жандарды мұнда тамақтандырады, киіндіреді. Оларға тек балалардың бұлдырлаған тілі мен күмбірлеген күлкісі жетіспейді. Бұл шарадан кейін қарттарымыздың жүздері жадыраңқы. Маңыздысы – осы.

 

Саят Ермек