МТРА жаңалықтары

Петропавл қаласының әкімі кезекті рет тұрғындар алдында есеп берді

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Өткен жылы сіздердің өтініштеріңіз бойынша құлағалы тұрған және ауру деп табылған 210 ағаш кесілді. Тағы, Сенная база кентінде бей-берекет өсіп кеткен қамыс та шабылды. Бұдан бөлек, былтыр біз жол жөндеу ісіне ерекше көңіл бөлдік. Мәселен, 2017 жылы жалпы ұзындығы 131 шақырым болатын 10 көше орташа жөндеу көрді.

Бұдан бөлек, тұрғындардың тілегі бойынша 6 көп қабатты үйге газ құбырлары тартылыпты. Нәтижесінде 236 баспанаға көгілдір отын жеткен. Қала әкімінің сөзінше былтыр Кошуков және Ружейнников көшелерінде орналасқан 2 нысанға тартылған электр желілері жөнделіпті. Өткен жылы облыс орталығында ауқымды жұмыс атқырылған көрінеді. Дегенмен, халықтың биыл да айтар бұйымтайлары бар. Мәселен, Сәтпаев, Гагарин және Батыр Баян көшелерінде тұратын жерлестеріміз аулаішілік жолдардың қалыпқа келтірілгенін қалайды. Бұл өтінішін теріскейліктер Марат Тасмағанбетовке хатпен жолдаған.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Биыл облыс әкімінің тапсырмасымен аулаішілік жолдарды жөндеуге 600 млн теңге бөлінеді. Қазір біз әр кездесуде осындай ұсыныс-тілектерді жинап жүрміз. Кейін, жиын өткізіп, қай ауданда жұмыс жүргізетіндігімізді анықтаймыз.

Ал, Береке ауданы тұрғындарына емхана керек. Шеткері кентте аурухана болмағандықтан жерлестеріміз жыл 12 ай қаланың орталығына қатынауға мәжбүр. Бұл өзекті мәселе болашақта шешімін таппақ. Жиын барысында шаһар басшысы қазіргі күні Берекеде емхана салу жөніндегі жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатқандығын тілге тиек етті. Мұнымен тұрғындардың базынасы таусылмады.
Ендігі кезек тікелей сұрақтарға келіп жетті.

Ольга Баймуканова – №26 мектеп-балабақша кешенi ата-аналар комитетінің төрайымы:

– №26 мектеп-балабақша кешенiнде спорт алаңы бар. Алайда, ол жер көктем-күзде езіліп кететіндіктен сабақ далада өткізілмейді. Бұл ретте біздің оқу ошағы маңына жасанды алаң тұрғызып берсеңіздер.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Биыл Петропавлда 10 жасанды алаң тұрғызылады. Әзірге, олардың қай жерлерге салынатындығы белгісіз. Біз сіздің тілегіңізді ескеретін боламыз.

Есептік кездесуде сөз алған Вера Левахованы автобустардың жағдайы толғандырады. Нәзікжандының айтуынша қазіргі қала ішінде қатынап жүрген қоғамдық көліктердің іші үнемі лас. Оған қоса орындықтары да тозған.

Вера Левахова – қала тұрғыны:

– Автобус ішіне кірсең отырғың келмейді. Өйткені, орындықтарының тысы кір әрі жыртылған. Мұны ретке келтіруге болады ғой. Әсіресе, мұндай жағдайды 2-ші бағыттағы қоғамдық көліктен жиі байқаймын.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Автобустар біртінден жаңартылып жатыр. Жуырда тағы 3 жаңа қоғамдық көлік алдық. Техниканың барлығының бірдей ішін бірден жаңалау мүмкін емес. Алдағы уақытта олқылықтарды ретке келтіреміз.

Есептік кездесуде автобустарға қатысты мәселе жиі көтерілді. Жерлестеріміз 26, 31 және 11-ші маршруттардардың кешкі сегізде тоқтап қалатындығына наразы. Өйткені, балалар мектептен дәл осы уақытта шығады екен. Салдарынан оқушылар үйлеріне таксимен қатынауға мәжбүр. Бұл мәселені Марат Тасмағанбетов жақын арада шешетіндігін айтты. Кездесуде тағы құлағалы тұрған және ауру ағаштарды кесу мен жол шетіне тротуар салу, 32-ші мектептің ескірген терезелерін ауыстыруға қатысты сұрақтар жолданды. Жиында көтерілген әр сауалға жауап берген қала әкімі мәселелердің шешім табатындығын айтты.

 

Култанов Байболат