МТРА жаңалықтары

Өңірде кәсіпкерлік, туризм және өндіріс салаларын дамыту қажет

Жиын барысында аталған салаларда күрмеуі тарқамаған мәселелер аталып, оларды шешудің жолдары қарастырылды. Елімізде бизнесті қолдау тетіктері жетерлік, алайда өңірде осы салада өрлеу жоқ. Облыста өндіріс және құрылыс жұмыстарымен айналысатын бизнесмендердің нарықтағы үлесі тым аз екендігін атап өткен облыс әкімі келешекте өндіріске мемлекет тарапынан көбірек қолдау көрсетілетінін айтты.

Облысымызда туризм саласы да ақсап тұр. Алдағы ауқытта демалыс базалары мен қонақ үйлер жаңғыртылып, оларға апаратын жолдар күрделі жөндеуден өтпек. Оған қоса өңір жетекшісінің тапсырмасына сай, қаңырап бос тұрған нысандар мен пайдаланылмай жатқан жерлер анықталып, мемлекетке қайтарылмақ. Құмар Ақсақалов түптеп алғанда барлық салада өсім болуы тиіс деді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Әлі күнге дейін тұтынушылық психологиясынан арыла алмай келеміз. Жеген тағамымыз бен қолданған заттарымыздың барлығын сырттан тасумен келеміз. Соңғы 5 жылда ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі өспей тұр. Өңір экономикасы 2,8 пайызға ғана көтерілген. Біз барлық көрсеткіштер бойынша көштің соңында қалып қойдық. Өңірдегі машина жасау зауыттарында өндіріс қуаттылығы артқанымен, еңбеккерлерінің қатары кеміп барады.

 

Берик Қасен