Қоғам

Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау курстары жалғасуда

Ғизат Байжанов – Ломоносов селолық округінің әкімі, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Бүгін көпшілік алдында сөз сөйлеп, ойымызды анық жеткізуге үйренудеміз. Әрбір лекция – жаңа бағытта өтеді. Халықпен жұмыс жасайтын болғандықтан, біздің бойымызда көшбасшылық қасиеттер де болғаны жөн. Бұл тақырып та осы курста көтерілді. Болашақта бұл шараның жұмысымда көмегі зор болатынына сенімдімін.

Қайта даярлау курсына 18 мемлекеттік қызметші келіпті. Шеберлік сыныптарын өткізуші тренерлердің айтуынша, топтағы адамдардың саны 20-дан аспағаны абзал. сол кезде барлығы берілген тақырыпты талдап, тез меңгеріп алады. Жалпы, мамандарға 120 сағат бөлінген. Осы уақытта олар ондаған тақырыпты талдап, кейін бір мәселе төңірегінде жоба қорғаулары қажет. Нұрлан Оралбаев өз тобының мүшелерімен қазір соңғы дайындықтарын жүргізуде. Ертең жұмыстары комиссия мүшелеріне таныстырылатын болады.

Нұрлан Оралбаев – СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы:

– Біздің әлеуметтік жобамыздың тақырыбы – жастарды жұмыспен қамтамасыз ету. Топта 4 адам жұмыс істеудеміз. Шаруамызды әлі аяқтаған жоқпыз. Ертеңге дейін соңына жеткізіп, комиссия мүшелері алдында таныстырмақпыз.

Курс аяқталған соң, лекциялардың үздік тыңдаушысы анықталмақ. Оларға мамандардың өздері дауыс беруде. Жалпы орталық 2015 жылы ашылған болатын. Ал, былтыр ол ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының қарамағына өткен. Өңірлік филиал директоры Сабыр Ибраевтың сөзінше, бұл жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Бүгінде тренингтерді өткізуге елордалық спикерлер де шақырылуда.

Сабыр Ибраев – ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының СҚО бойынша филиалының директоры:

– 6-8 сағаттық тренингтер өткізіп, оң нәтижесін көрдік. Бұл – жұмысымыздың жаңа бағыты болмақ. Алдағы уақытта да қайта даярлау курсына келгендер үшін осындай спикерлердің қатысуымен лекциялар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, сабақтарымызға тәртіп сақшылары, ҰҚК, қаржы салаларының мамандары келіп, белгілі бір тақырып төңірегінде лекция оқиды.

Ал, ауылдық округ әкімдері мен елді мекендердегі мемлекеттік қызметшілерге тиісті деңгейдегі курстарды өткізу үшін, мамандар аудандарға шығып тұрады екен. Жалпы, бүгінге дейін 4000-ға жуық мемлекеттік қызметші қайта даярлау курстарын тәмамдапты.

Эльмира Садвокасова