Спорт

Грек-рим күресінен облыс біріншілігі өтті

2001 және 2003-ші жылы туылған жастар 2 бірдей бозкілем үстінде күш сынасты. Әр белдесу тартысқа толы. Әсіресе, 60 келі салмақтағы есілдік Есімхан Ашкенов пен петропавлдық Артем Глывяктің бәсекесі басқаларынан ерекшеленді. Өйткені, көк жейдегі палуан қарсыласына бірнеше әдемі әдіс жасап, жиналғандарға өзінің шеберлігін паш етті. Осылайша 15 жасар Есімхан айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Есімхан Ашкенов – жарысқа қатысушы, Есіл ауданы:

– Грек-рим күресімен 4 жыл айналысып жүрмін. Осы жарысқа аудандық іріктеу кезінен бірінші орын алып келдім.

Жалпы, облыстық біріншілікте өңіріміздің 85 өрені бағын сынады. Жас бозкілем шеберлері 10 салмақ дәрежесі бойынша күш таластырды. Жарыста топ жарған палуандарға артылар жүк ауыр. Олар теріскейдің намысын Талдықорған қаласында өтетін ел чемпионатында қорғайтын болады.

Есілбай Омаров – СҚО БЖСМ-мен жұмыс жөніндегі оқу-әдістемелік орталығы директорының орынбасары:

– Осы жарыстың жеңімпаздары республикалық біріншілікте өңір намысын қорғамақ. Дода 1 айдан соң өтпек.

Жарыс соңында жүлдегерлер мақтау қағаздары, медаль және кубоктармен марапатталды.

Култанов Байболат