Спорт

Велоспорттан ҚР спорт шебері Лидия Тутова – 90 жаста

Лидия Тутова – велоспорттан КСРО-ның спорт шебері:

– Әпкем ұшқышқа күйеуге шықты. Олар Германияда тұрды. Сол жақтан маған қыздарға арналған велосипед жіберді. Оны теуіп күнде 15 шақырым жерде орналасқан жұмысыма баратынмын. Сөйтіп жүріп 1948 жылы үлкен спортқа аяқ бастым. Бірнеше мәрте Курс қаласының жеңімпазы атандым. Басқа да жарыстарда бағым жанды.

1954 жыл азаматшаның есінде әлі сақтаулы. Қазақ даласында Тың игеру басталған уақытта ол теріскей жеріне қоныс аударыпты. Нәзік жанды спорттық мансабын біздің өлкеде де жалғастырады. Тіпті, Лидия Тутова облыс құрамасы сапында ел чемпионы атанған. Оған мына сурет дәлел. Команда сапындағы 4 жерлестеріміз 25 шақырым қашықтықта сынға түсіпті. Олар көмбеге 40 минут 51 секундта жеткен. Алматыда өткен жарыстың қашан болғанын 90-дағы кейуана нақты есіне түсіре алмады.

Шабандоздың 1959 жылы жұлдызы жанды. Жерлесіміз ел құрамасы сапында Фрунзе қаласында өткен Орталық Азия біріншілігіне қатысып, топтық сайыста үзеңгілес қыздармен жеңімпаз атаныпты.

– Мына суретте Лидия Тутова 65 жаста. Дегенменде, кейіпкеріміздің жас келсе де жарыстарға қатысып, жеңімпаздар қатарына көрініп жүріпті. Оған қоса мерейтой иесі бір кездері мылтық ату спортыменде айналысқан. Бұл спорт түрінен нәзік жандының 1-ші разряды да бар екен.

Лидия Ивановна спорттық мансабын 1972 жылы аяқтады. Бұған басты себеп – жол-көлік апаты болған. Өйтпегенде, шайтанарбаны ұзақ тебуші едім деп қалжыңдайды кейуана. Бүгін өмірі өнегеге толы жерлесіміз 90 жасқа толып отыр. Мерейтой иесін төл мерекесімен жақындары мен әріптестері құттықтай келді.

Өңірдің велоспортшылары Лидия Тутованы үлгі тұтады.

Владимир Парахин – велосипед спорты бойынша ОРБЖСМ директоры:

– Өңірімізде велоспорт Лидия Тутованың кезінде басталды. Осы кісілер түрлі жарыстарға қатысып, теріскейдің атын барлық КСРО-ға танытты. Сол себепті біз ардагерлерімізді үлгі тұтамыз. Оларды әр мерекеде құттықтап барамыз. Бүгін де 90-ға толып отырған Лидия Ивановнаның үйіне келдік. Даңқты спортшыға ең бастысы денсаулық тілейміз.

Кездесу соңында жиналғандар қызу әңгімелесіп, өткен күндегі ескірмес естеліктерді еске алды.

 

Култанов Байболат