Муай-тайдан өткен ел біріншілігінен спортшыларымыз жүлделі оралды

Спорт

15:04 5 Ақпан 2018

Иван Ван-Хон-Тун – муай-тайдан облыстық құраманың бас жаттықтырушысы:

– Бұл Чемпионатта облысымыздың намысын 23 спортшы қорғады. Олардың 15-і жүлделі орындарға ие болды. Осылайша, командалық есепте жерлестеріміз 3-ші орынға тұрақтады. Жалпы бұл сайыс 6 мен 13 жас аралығындағы жеткіншектер арасында өтті.

Бүгінде спорттың бұл түрінен болашағынан үміт күттіретін жас өрендер аз емес. Солардың бірі – Алдияр Жұмабай. Жеткіншектің тай боксына ден қойғанына небәрі 1,5 жыл болған. Осы уақытта ел біріншілігіне 2 рет қатысып үлгерген Алдиярға бұл жолы жерлесі, петропавлдық Артур жерлесі Мосейчукпен жұдырықтасқан. Шаршы алаңдағы қарсыласының тәжірибесі әлдеқайда молырақ болса да, Алдияр 1 есеп айырымымен басым түскен.

Алдияр Жұмабай – “Бейбарыс” тай боксы клубының тәрбиеленушісі:

– 2017 жылы 1-ші орын аламын деп мақсат қойған болатынмын. Мақсатыма жеттім. Енді тағы бір мақсатым Таиландта өтетін Әлем чемпионатына қатысып, жүлделі оралу.

Ал мына спортшы небәрі 6-да ғана. Ол тай боксымен 3 жасынан айналысып жүр. Жас муай-тайшы сайыста 3 кездесу өткізіп, барлық қарсыластарын тізе бүктірген.

Артем Ван-Хон-Тун – “Бейбарыс” тай боксы клубының тәрбиеленушісі:

– Жеңіске жету мен үшін қиын болған жоқ. Алғашқы кездесу атыраулық спортшымен өтті. Ұрыс барысында клинч әдісін қолданып, қарсыласымды соққының астына алдым. Тағы екі қарсыласымды оңайлықпен жеңіп, Қазақстан чемпионы атандым.

Жалпы бүгінгі таңда қалада муай-таймен 200-ден аса спортшы айналысады. Олардың қатарында нәзік жандылар да бар. Шығыс жекпе-жегін жанына серік еткендердің бірі – Анна Олейник. Жеткіншек бұл жолғы ел біріншілігінде қола медальға ие болды. Бұл оның Республикалық дәрежедегі алғашқы сайысы. Сондықтан, бойын қорқыныш пен үрей билегенін жасырмайды.

Анна Олейник – “Бейбарыс” тай боксы клубының тәрбиеленушісі:

– Алғашқы кездесуде астаналық спортшыға есе жіберіп алдым. Дұрыс тыныс алмай, қателікке бой алдырдым. Дегенмен, маған 3-ші орын бұйырды. Жалпы болашақта жаттықтырушы болғым келеді.

Қазір “Бейбарыс” клубының спортшылары ақпан айында өтетін ел біріншілігіне дайындалуда. Оған 14-17 жас аралығындағы жеткіншектер қатысады.

Молдир Макишева