Қоғам

М. Жұмабаев ауданындағы кәсіпкерлер әулеті бүтін бір ауылдың жағдайын жасап отыр

Татьяна Куприянова – Қарақоға селосындағы сұлулық орталығының әкімгері, М.Жұмабаев ауданы:

– Ауылдықтар орталыққа жиі келіп тұрады. Зейнеткерлер үшін барлық қызмет түрлеріне 20 пайыздық жеңілдігіміз бар. Құрметті еңбек демалысына шыққандар негізінен масаж алуға келеді. Орталықта шаштараз бар. Әйелдер мен ер адамдардың шашын 700 теңгеге қиямыз. Қазір мұнда 4 маман жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта маникюр, педикюр қызметтерін көрсетуді жоспарлап отырмыз.

Село тұрғындары көріктерін ашып қана қоймай, осында келіп бос уақыттын тиімді өткізе алады. Орталықтың бір бұрышында тренажер залы жұмыс істейді. Жарты сағат жаттыққандары үшін тұрғындар небары 50 теңге төлейді екен. Зейнеткер Галина Петрова мұнда күн сайын келуді әдетке айналдырыпты.

Галина Петрова – Қарақоға селосының тұрғыны, М. Жұмабаев ауданы:

– Қазан айынан бері келіп жүрмін. Тренажерлар жаттығуға ыңғайлы. Дене шынықтыруға жарты сағат уақытымды бөлемін. Мұның бәрі денсаулығым үшін. Көп жасағым келеді. Немерелерімнің қызығын көрсем деймін. Осындай әдемі орталық ашқан жеке кәсіпкерлерге алғысымды айтамын. Кейде ұстаздар жұмыстан кейін келіп жаттығып тұрады. Жаңа босанған жас аналар да келеді.

Дене жаттығуын жасап терлеп-тепшігендер душқа түсіп, бір сәт демалыс бөлмесінде тыныға алады. Мұнда оларға Алтай шөбі қосылған шай тегін ұсынылады. Керек десеңіз демделген сусынға бал қосып береді.

Сұлулық орталығын тұрғызған “ЖНВ” серіктестігі ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту үшін қолдан келгенін жасауда. Айталық олар Қарақоға селосында 628 үйдің 40 пайызына су құбырын өткізіп берген. Соның игілігін көріп отырғандардың бірі – Асылбек Исин. Ол бұрынғыдай малды суаруға, моншаға тіршілік көзін алыстан тасып әуре болмаймыз дейді.

Асылбек Исин – Қарақоға селосының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– үйге су тартып алдым.

Асылбек Исин жергілікті білім ошағының ұстазы. Ол мектепке де тіршілік көзі құбыр арқылы келетінін айтады. Бұл жұмыстар жеке кәсіпкер Максим Жигаловтың қаражаты есебінен орындалдыпты. Бұдан басқа меценат былтыр аталмыш мекеменің төбесін жөндеуге
7 млн теңге бөліп, шатырды қалпына келтіріп беріпті. Алдағы уақытта кәсіпкер мектептің жылыту жүйесі мен тозған терезелерін де толығымен жаңартып бермекші.

Жания Хайдарова – Қарақоға орта мектебінің директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– “Жигалов” шаруа фермерлік қожалығы жыл сайын мектепке демеушілік етіп келеді. Білім ошағының ғимаратына, ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстарына жыл сайын қомақты қаражат бөліп тұрады. Биыл 42 баланың тамағына ақша бөлді. Образец селосынан күнде келіп оқитын 15 оқушыға автобус бөлді. Кадр тапшылығы жоқ. Оқушылар жетіспеушілігі мәселесі де ешқашан туындаған емес. Ауыл халқының тұрмыс жағдай жақсы болғандықтан жас мамандар келеді.

Оқушылардың бәрі алаңсыз оқып жүр. Өйткені олардың ата-аналары әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпкердің қарамағында еңбек етіп жүр. Жалпы бүгінде “ЖНВ” серіктестігі және “Жигалов” шаруа фермерлік қожалығында Қарақоға селосының 250 тұрғыны тұрақты жұмыс істейді. Қос шаруашылыққа Жигаловтар әулеті жетекшілік етеді.

Максим Жигалов – “ЖНВ” ЖШС директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– Малдың бабын білгендер төрт түлікке қарайды, механизаторлар техникаға отырып, ауылішілік жолдың қарын тазалайды. 250 жұмысшыдан бөлек жыл сайын 500 адамды маусымдық жұмыстарға тартамын. Мал шаруашылығымен айналысамын. Иелігімде 1 100 бас асыл тұқымды ірі қара бар. Етті бағыты дамытып жатырмын. Шошқа кешені тағы бар. Мен ауыл шаурашылығы өнімдерін өңдеумен де айналысамын. Ет өнімінен шұжық, тұшпара жасайтын цехтарымыз, наубайхана бар.

Максим Жигалов асыл тұқымды “Лимузин” сиырларын ұстайды. Іскер азамат зеңгі бабі төлдерінің басын көбейтіп, өңір шаруаларына өткізбекші. Фермер малдан бөлек өсімдік шаруашылығын қатар алып жүр. Көктемде 28 мың гектар егістік жерге түрлі дақылдар сіңіреді. Қазір жұмысшылары көктемгі дала жұмыстарына техникасын дайындауда.

Юрий Пиягин – “ЖНВ” ЖШС механизаторы, М.Жұмабаев ауданы:

– Өзім “К-700” тракторын басқарамын. Қыс мезгілінде негізінен техниканы жөндеймін. Ерте бастан көктемгі дала жұмыстарына дайындаламыз. Осы шаруашылықта жас кезімнен бері жұмыс істеп келемін. Күнде шеберханаға келіп үйреншікті жұмысымды істеймін.

“ЖНВ” ЖШС машина-трактор паркін отандық және шетелдік техникамен жыл сайын толықтырып тұрады. Сонымен қатар мұндағылар істен шығып, босқа қаңтарылып тұрған бірнеше шаруашылықтың техникасын қалпына келтіріп беріпті. Шеберлер өнімділігі төмен “К-700” тракторының қозғалтқышы мен өзге де қосалқы бөлшектерін алмастырып, оның қуатылығын артырады.

Берік Қасен