Жыл басынан облыс орталығында 25 өрт оқиғасы орын алды

ТЖД

15:36 2 Ақпан 2018

Тамара Фаизова – қала тұрғыны:

– Жаз уақытында пештің ішін тазалап, қысқа дайындап қоямыз. Осы үйде 14 жыл бойы тұрып жатырмыз, сол уақыт ішінде ешқандай өрт оқиғалары болған жоқ. Себебі, барлық қауіпсіздік ережелерін сақтап отырамыз.

Кейбір қала тұрғындары Тамара Фаизова сияқты қауіпсіздік шараларын ұстанса, енді біреулері немқұрайлылық танытады. Құтқарушылар қала тұрғындарына жаднамалар таратып, қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Сонымен қатар, олар жеке тұрғын үй секторларының жылыту қондырғыларынын байқап, ақау тапса, сақтық шараларын еске салды.

Жалпы 2017 жылы 232 өрт оқиғасы болыпты. Оның 70-і жеке тұрғын үй секторларында орын алған. От шығудың салдарынан 10 адам қаза тапса, 44-і аман қалды. Материалдық шығын көлемі 44 млн теңгені құраған.

Владимир Хутинаев – Петропавл қалалық ТЖБ бас маманы:

– Өрттер пеш құрылғыларының дұрыс салынбауынан жиі туындайды. Сонымен қатар, пеште жарықтар пайда болады. Осының кесірінен тұншықтырғыш газ бөлінуі мүмкін. Бұл да баспана иелерінің өліміне әкеліп соқтырады. Қала тұрғындарын сақтық шараларын ұстануға шақырамыз.

2018 жылдың небары бір айында облыс орталығында 25 өрт оқиғасы орын алды. Салдарынан 5 адам қаза тапты. Олардың арасында екі жасар бала да бар. Сонымен қатар, 2 жерлесіміз жарақат алып, 6 адам улы газдан зардап шеккен.

Молдир Макишева