Қоғам

Тимирязев ауданының әкімі Ербол Сағдиев халыққа есеп берді

Есімбай Қоқанов – «Есей-Агро» ЖШС директоры:

– Бұл әкімнің халық алдындағы есептік кездесуі ғой. Сондықтан, әкім бірінші кезекте жасаған жұмысын қорытындылауы тиіс. Біз атқарылған шаруаны білгіміз келеді. Екіншіден, біз бидайды сатып алу науқанының кеш басталғанына наразымыз. Аграрийлер қарыздары мен несиелерін төлей алмай жатқанда бидай қалдынбады. Барлығымыз жинаған-тергенімізді төмен бағаға сатып жібердік.

Тағы Есімбай Қоқанов өткен жылы жолдарға жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасы сын көтермейтінін атап өтті. Қыруар қаржы жұмсалғанымен, одан пайда пайда жоқ. Шаруаны атқарған мердігерлер жауапқа тартылмапты. Бірақ кездесуде де мәселеге қатысты тұшымды жауап болмады. Серіктестік басшылары аудан әкімінің жаңа үйлер салу ұсынысына қатысты да өз ойларын білдірді.

Есімбай Қоқанов – «Есей-Агро» ЖШС директоры:

– Тұрғын үй салуға міндеттер қойылды. Оны кімге саламыз? Жыл сайын ауданнан көшіп кетушілер көп. Себебі, жол, ауыз су жоқ. Жұмысқа тұрамын дегендерге қаңырап бос қалған үйлерді сатып әперудеміз. Егер баспана болмаса, салар едік. Бірақ, қазір ондай қажеттілік туындап тұрған жоқ.

Ербол Сағдиев – Тимирязев ауданының әкімі:

– Шамамен бір ай бұрын селекторлық жиында маған мүлде басқа сандар айтылды. Мәсәлен, биыл 36 отбасы оңтүстіктен қоныс аудармақ. Олардың барлығына бірдей баспана жетпейді. Оларды үй және жұмыспен қамтуға қай агроқұрылым дайын?

Тұрғындар тағы жалпы білім беретін мектеп-интернаттың мәселесін шешуді сұрады. Айтуларынша, өткен жылы нысанды жылытуға 3 жаңа қазандық орнатылған. Дегенмен, ағымдағы айда қатты аяз болғанда білім ошағындағы температура 8 градусқа дейін төмендеп кеткен. Сондықтан, мамандар мектепті сұйық отынмен жағуға мәжбүр болған.

Римма Даирова – Тимирязев аудандық жалпы білім беретін қазақ мектеп-интернаты директорының у.м.а:

– Мектеп ашылғаннан бері дизельді отынмен жағуға арналған.

Аудандықтар ауруханаға жөндеу жүргізу қажеттігін де айтты. Әкімнің сөзіне сенер болсақ, биыл бұл шаруа біржақты етілмек. Нысанның шатыры ауыстырылады деп жоспарлануда. Осылайша, кездесуде халықтың базынасы көп айтылды. Ендігі кезекте, аудан әкімі олардың бәрін түртіп алып, бір жақты етсе болғаны.

 

Эльмира Садвокасова