МТРА жаңалықтары

СҚО мен БАӘ Фуджейра әміргілігі арасындағы әріптестіктің берері мол

Тұрар Ысқақов – Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Біріншіден бұл – өзара ақпарат алмасу. Яғни, екі өңір әрқайсысының бизнеске қатысты заңнамаларымен танысып, өзіне керегін, жаңасын және қажеттісін алады. Екіншіден, тауар алмасу бағытында жұмыс жасамақпыз. Яғни, облымыз бен Фуджейра арасындағы экспорт пен импортты жолға қоюдың тиімді тәсілдерін бірлесе жасап шығарамыз. Сондай-ақ болашақта екі өңірдің бизнес субъектілері бір-біріне қонаққа барып, тың технологияларымен бөлісіп отыратын болады.

Біздің Фуджейрадан аларымыз жетерлік дейді Тұрар Ысқақов. Мәселен, мұнда жаңғырмалы энергияны пайдаланудың үлесі 40 пайыздан асады. Ал біз бұл көрсеткішті 30 пайызға жеткізе алмай отырмыз. Көлік-логистика саласы да мұнда жақсы дамыған екен.

Тұрар Ысқақов – Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Фуджейра әмірлігінде әлемдегі ең үлкен теңіз порттарының бірі орналасқан. Сондай-ақ, мұндағы жолдар да кең әрі тегіс. Біз күн батареяларын өңдейтін зауытта, құбырларды шығаратын кәсіпорында да болдық. Мұндай өндіріс ошақтарын бізде де ашуға болады.

Енді жергілікті кәсіпкерлердің алдында жаңа әріптестерімізбен тығыз жұмыс жасап, тың технологияларды біздің өңірге сәтті ендіру тапсырмасы тұр.

Саят Ермек – тілші:

– Мұнай – БАӘ табысының негізгі көзі екені айтпаса да түсінікті. Бір қызығы, әл Фуджейра әмірлігінде бұл шикізат көзі мүлдем жоқ. Бұған қарамастан, балық және мал шаруашылығы, туризм және жасыл экономикаға ден қойған жас әмірлік даму көрсеткіші бойынша алдыңғы орындарда тұр. Сондықтан бұл әріптестіктің теріскейді алға жетелеу әлеуеті орасан.

 

Саят Ермек