МТРА жаңалықтары

Сергеевка қаласында Шал ақын ауданы әкімінің есептік кездесуі өтті

Нұрлан Есімов – Шал ақын ауданының әкімі:

– Өкінішке қарай, ауданымызда ауыл шаруашылығына арналған жерлерді дұрыс пайдалана алмайтындар бар. Мәселен, былтыр 14 агроқұрылымның егістік алқаптары мен жайылым жерлерін арамшөп басқан. Бөлінген аумақты қолданбай, өз істеріне салғырт қарағандықтан оларды жауапқа тарттық. Серіктестіктерге жалпы сомасы 999 мың 360 теңгені құрайтын айыппұл салынды.

Бұл ретте өңір басшысының орынбасары Асқар Сақыпкереев осы салада бірқатар жобаларды жүзеге асыру қажеттігін тілге тиек етті.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Сіздерде мал шаруашылығы өнімін шығару төмендеген. Ет – 3,6 пайызға, ал сүт өндірісі 7,4 пайызға азайып отыр. Оған қоса «Сыбаға», «Алтын асық», «Ырыс бағдарламалары бойынша» мал басы сатып алынбаған. Осы бағыттағы жұмысты күшейту қажет.

Кезек қала және елді мекен тұрғындарының өтініштері мен арыздарына да келіп жетті. Алғашқы мәселені Қаратал тұрғындары көтерді. Ауылдағы ағайын Сергеевка қаласымен қатынайтын автобус 3 мезгіл жүрсе екен деген тілектерін білдірді. Әйтпесе, туындаған қолайсыздықтан ертең жұмыс істеп жүрген жастар жағы басқа жаққа қоныс аударулары мүмкін дейді ақсақалдар.

Нұрлан Есімов – Шал ақын ауданының әкімі:

– Бұндай мәселені неліктен туындап отырғанын білмеймін. Себебі, автобус бар. Өз бақылауыма аламын. Отырыс өткізіп, мәселені талқылайтын боламыз.

Ал, Балуан ауылы тұрғындарының айтар уәжі басқа. Кезінде азаматтар өз жерлерін серіктестікке тапсырыпты. Алайда, кәсіпорын басшысы белшесінен қарызға батып, жерді өзге біреуге тапсырған. Бұған қарамастан, елді мекендіктер пайларын уақтылы алып тұрған. Бірақ, биыл бұл жүйеге өзгеріс енген.

Байкен Байғожин – Балуан ауылының тұрғыны, Шал ақын ауданы:

– 6 мың теңгеден Балуандықтарға берді, ал көшіп кеткендерге бермей қойды. Жыл сайын төлейтін еді. Енді өз жерлерімізді қайтарып алсақ дейміз.

Елді мекендіктердің көмек сұрап бармаған жері қалмапты. Алайда, барлығы біздің құзырымызда емес деп жауап беруде. Соңғы үміт – аудан әкімі мен облыс басшысы Құмар Ақсақаловта. Қараталдықтар да «Асар Север» серіктестігінен тиісті пайларымызды толық көлемде ала алмай отырмыз дейді. Тұрғындарға төлену керек болған 71 дивидендтің тек 32-33 ғана төленіпті.

Нұрлан Есімов -Шал ақын ауданының әкімі:

– Егер иеліктеріңізде жерлеріңіз болса, онда сізге ақша міндетті түрде төленуі керек. Бұл мәселені анықтайтын боламыз. Сіздердікі дұрыс болса, «Асар Север» пайды беруден ешқайда кетпейді.

Тағы аудан тұрғындары жол, жарықтандыру мәселелерін де көтерді. Нұрлан Есімовтың сөзінше, кезегі кегенде бұл шаруа да тиянақталатын болады. Айта кеткен жөн, 2017 жылғы аудан әкімінің есептік кездесулері барысында 63 сұрақ қарастырылып, оның 7 бақылауға алынған. Бүгінде 6 өтініш өз шешімін тапты, ал Мерген ауылына су құбырын орнату жұмысы 2019 жылға дейін шегеріліпті.

 

Эльмира Садвокасова