МТРА жаңалықтары

Қала әкімі Марат Тасмағамбетовтың халық алдындағы екінші есеп беру отырысы өтті

Марат Тасмағамбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Былтыр 11 көпқабатты тұрғын үй қолданысқа берілді. Бұл 1003 пәтер. Сондай-ақ 100 пәтерлі 4 бірдей жалдамалы-коммуналдық үй тұрғындар игілігінде. Осылайша өткен жылы біз 1,5 мың қала тұрғынынын баспанамен қамтыдық.

Тағы, былтыр қаладағы 106 аула абаттандырылып, 80-ге жуық балалар алаңқайы орнатылған, 29 көше орташа жөндеу көрген, ал олардың кейбірін жарықтандыру үшін республика қазынасынан 500 млн теңге бөлініп, үш көшеге бағандар орнатылыпты. Балабақша және мектеппен қамту жағдайы да жақсы дейді әкім.

Марат Тасмағамбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Былтырғы жылы 8,4 млрд теңгеге қаладағы 34 білім беру мекемесі ағымдағы жөндеуден өтті. 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың 100 пайызы мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамтылған. Жұмыспен қамтуға тоқталсақ, 2017-де екі қолға бір күрек тапқан азаматтардың саны 43 пайызға артып, 6649-ды құрады. Олардың 5533-і тұрақты жұмысқа тұрды.

Кейін ортаға “Қызылжар су”, “Севказэнерго”, Электржелілік Тарату компанияларының өкілдері шығып, тұрғандардың көкейкесті сұрақтарына жауап берді. Азаматтардың көбі колонкалардың қатып қалуына, жылу желілерінің жиі жарылуына, кей баспаналарлағы төмен температураға шағымданды. Алайда, өкілдердің берген жауабы бір – “шешетін боламыз”.

Келесі кезекте тұрғындардың жазбаша өтініштері қаралды. Марат Тасмағамбетов олардың әрқайысысына тұшымды жауап беруге тырысып, проблемалық жайттарды бақылауға алатынын жеткізді. Бұдан кейін шаһар басшысы тұрғындармен ашық диалогқа шықты. Жиналғандардың көбі ПИК төрағалары. Баяғы жартас, сол жартас, басым бөлігі Чкалов, Крепостная, Аяған Шәжімбаев көшелеріндегі жолдардың жағдайына көңілдері толмайтынын айтты. Кейбірі тұрғын үйдің шатырын жөндеп, ауланы абаттандыруды сұрады. Бұл азаматтардың бәріне Марат тасмағамбетовтың берген жауабы бір.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Бізде қалалық ПИК төарағаларының кеңесі жұмыс істейді. Осы бағыттағы сұрақтардың бәрін сол кеңеске жолдауларыңызға болады. Бюджеттен қарастырылған қаражат көлеміне сәйкес жұмыстар жоспарлы түрде, кезек бойынша жүргізілетін болады.

Соңғы кездері қызу талқыда болған қоғамдық көлік мәселесі де көтерілді жиында. Ал, қала тұрғыны Сәуле Шамова – балалар дәрігері болып қызмет істейді. Отырыста бұл азамат орынды өтініш жасады.

Сәуле Шамова – балалар дәрігері:

– Қазір балардың кейбірінің көзі нашар көреді. Олардың ішінде жағдайын ушықтырып алғандары аз емес. Сондықтан, ондай балғындар үшін арнайы мамандандырылған мектеп ашылса деймін.

Марат Тасмағамбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Өтінішіңіз орынды. Бірақ, оны орындау біздің құзіретімізде емес. Облыс әкімдігіне бұйымтайыңызды жеткіземін.

Былтырғы есептік кездесуде бұл аумақта тұратын қала азаматтарының тарапынан 72 өтініш түсіпті. Бұйымтайлардың бәрі орындалған. Биылғы өтініштерді де шаһар басшысы назарға алатындығын жеткізді.

 

Саят Ермек