Балалар

Теріскейлік мектеп оқушылары республикалық конкурстан жүлделі оралды

4-ші сынып оқушылары “Күл-қоқыс қалдықтарын ауыл шаруашылығында және құрылыста пайдалану мүмкіндігі” атты ғылыми жобаларын қорғапты. Зерттеу жұмысында олар тұрмыстық қалдықтардың пайдалы тұстарын дәлелдеп берген. Мәселен, қожды топыраққа араластырған жөн. Сонда, өнім жылдам өседі екен. Бұнымен қоса, шлакты ғимарат тұрғызу ісіне де пайдалануға болады.

Ерлан Сақыпкереев – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:


–  Біз тәжірбие жасадық. Құмды, цементті, күлді араластырдық. Сонда жеңіл бетон шықты.

Конкурста бұл зерттеу жұмысы жоғары бағаланыпты. Нәтижесінде теріскейліктер жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, байқауда Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының 6-шы сынып оқушысы Дінмұһаммед Абайдың да бағы жанды. Білгір жас 2-ші орынға ие болды. Жеткіншек республикалық сынға “Латын әліпбиі – келешектің кілті” атты ғылыми жобасын дайындапты. Ол еңбегінде жаңа графиканы енгізу арқылы әлемнің көптеген елдерімен байланысты жақсартуға болатындығын жазған. Оған қоса бала Димаш, қаріптің тиімсіз тұстарын да көтеріпті.

Дінмұһаммед Абай – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:


–  Латынға көшсек кітаптарды кириллицадан латын графикасына аудару керек. Бұл бірақ уақыт алады.

Дінмұһаммед, мұндай қиындықтарға тап болмас үшін бүгіннен бастап елімізде адамдарды латын әліпбиіне үйрете бастау керек дейді. Жалпы, жүлдегер атанған балалар оқитын гимназия-интернаттың бұдан басқа жетістіктері жетерлік. Қазір іргелі оқу ошағының тәлім алушылары түрлі байқауларға дайындық үстінде.

Айнагүл Есқалиева – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты директорының орынбасары:
–  Жоғары сынып оқушылары республикалық жобалар сайысына дайындалып жатыр. Байқауға 12 жұмыс апарылады. Конкур наурыз айында өтеді.

Айта кетейік, бүгінде Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатында 500-ге жуық оқушы білім алуда.

Байболат Бектемірұлы