Қоғам

“Абылай хан резиденциясы” мұражай кешенінде “Жас өлкетанушылар” үйірмесі ашылды

Ол үшін балаларға арнайы сабақтар да өткізіледі. “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешенінің қызметкерлері жеткіншектерді 2 топқа бөліп, осы үйірменің жұмысы мен мақсаты жайлы түсіндірді. Кейін балалар қазақ халқының ұлы ханы Абылайдың өмірі мен қызметінен мол мағлұмат беретін бөлмелерді аралады. Болашақ өлкетанушылар әрбір айтылған ақпаратқа зейін салып, мұқият тыңдады. Мұражай қызметкерлері мұндай сабақтарды айына бір рет өткізбекші.

Әсемгүл Қыдбекова – “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешені директорының орынбасары:

–  Бүгін Елбасымыздың “Рухани жаңғыру” бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында “Жас өлкетанушылар” үйірмесі ашылып отыр. Бұл үйірмеге 2-ші орта мектебінің оқушылары қатысады.

12 жасар Мөлдір Сейдахмет те туған жерінің тарихына бейжай қарамайды. Мәселен, ол Шал ақын ауданынан шыққан белгілі ақындардың өлең-жырларын зерттеп, төл әдебиетіміз бен шежіремізге өзінің шамалы болсын үлесін қосқысы келеді.

Мөлдір Сейдахмет – №2 орта мектебінің оқушысы:

– Үйірмеге қатысқан себебім туған өлкемнің тарихын білгім келеді. Сонымен қатар, ауылды жерлерге шығып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, еліме өз үлесімді қосқым келеді.

Алдағы уақытта жас өлкетанушылар өңір аудандарын аралап, өздігінен зерттеу жұмыстарына кіріспек.

Молдир Макишева