Аптадағы маңызды жаңалықтар

М.Жұмабаев ауданында камералар орнатылады

Мәселен, қазіргі таңда мектеп, балабақша, мешіт, храм сынды әлеуметтік маңызы бар нысандар мен баспаналардың 40 пайызына таза ауыз су құбыр арқылы келеді. Осы бағыттағы жұмыстар биыл да жалғаспақ. Оған қажетті қаражатты кәсіпкерлер бөлуде. Ауыл тұрғындарының барлығы тұрақты еңбекпен қамтылған. Бұл мәліметті жергілікті әкім халық алдында есеп беру кезінде айтты.

Анна Жорова – Қарақоға ауылдық округінің әкімі:


– Қарақоға ауылдық округінде 2 500-ге жуық адам тұрады. Тең жартысы еңбекке қабілетті. Округте 37 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Жергілікті бизнесмендердің әлеуметтік жауапкершілігі жоғары. Ауыл тұрғындарының игілігіне жаңа баспаналар мен медициналық пунктер тұрғызылуда.

Қарақоға ауылдық округінің азаматтары біртіндеп ауыл шаруашылығы саласына бет бұруда. Былтыр көпшілігі мемлекеттен шағын несие алып, төрт түліктің басын көбейткен.

Анна Жорова – Қарақоға ауылдық округінің әкімі:


– Былтыр 13 жеке кәсіпкерлік нысаны ашылып, барлығы мал шаруашылығымен айналыса бастады. 20 қосалқы шаруашылық бір ауыл шаруашылығы кооперативіне бірікті. Қарақоға селосында сүтті бағыттағы бір бірлестік құрылды. Қазіргі таңда кооперативке сиыр ұстайтын тұрғындар тартылуда. Түптеп алғанда жеке сектордағы ірі қараның саны 178-ге, жылқы- 150, қойдың басы – 543-ке артты. Бірақ, мал санының өсуіне байланысты округте жайылымдық жерлер жетіспей жатыр.

Анна Жорованың сөзіне қарағанда, Қарақоға ауылдық округінде өсімдік майы, ет, сүт сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндіріс ошақтары көптеп ашылуда. Оған қоса іскер азаматтар қарамағындағы еңбеккерлерге жалақыны уақытылы төлеп тұрады екен. Соған байланысты тұрғындар Қарақоғада банкомат орнатылса деген өтініштерін білдірді. М.Жұмабаев ауданының әкімі Асқар Бегманов бұл сұрақты шешуге болатынын айтты.

Асқар Бегманов – М.Жұмабаев ауданының әкімі:


– Зейнеткерлер мен ауыл еңбеккерлері жалақыны Халық банкінің жергілікті филиалынан алады. Жақында аталмыш қаржы ұйымының мамандарымен хабарластық. Қарақоға селосында банкомат орнату үшін сіздер мейлінше көп қол жинаңыздар. Ал мен тапсырманың соңына дейін орындалуын қадағалайын боламын.

Асқар Бегманов басқа да жазбаша ұсыныс-тілектерді оқыды. Образец ауылының зейнеткерлері әлеуметтік төлемді кешкі 7-де тарататын Қазпошта қызметкерлеріне шағымданыпты. Асқар Бегманов аудандық пошта байланысы торабының жетекшісіне олқылықты түзетуді тапсырды. Келесі сұрақ ата-аналардан түсті. Тұрмыс жағдайы төмен отбасыларынан шыққан 64 оқушыға жарты жыл бойы ыстық тамақ берілмепті. Аудан басшысы мән-жайды анықтау үшін мектеп диреткоры мен аудандық білім бөлімінің жетекшісін тұрғызып жауап алды. Олардың айтуынша, асхананы жалдаған жеке кәсіпкер кетіп қалған. Оның орнына дер кезінде конкурс жарияланбапты. Асқар Бегманов, бұл шаруаны бір жақты ету үшін тиісті ведомствоға 10 күн уақыт берді.

Келесі бір хатта Қарақоға селосының азаматтары Мәдениет үйі ғимаратын жөндеп беруді сұрады. “ЖНВ” серіктестігі бұл жұмысты биыл қолға алмақшы екен.

М.Жұмабаев ауданында криминогендік жағдай бірқалыпты. Дей тұрғанмен, кейбір пысықайлар кәмелет жасына толмағандарға арақ сатуын доғарар емес. Өткен жылы осы үшін 21 заңбұзушы
әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұдан өзге ауданда мал ұрлығы тиылмай тұр. Былтыр желтоқсан айында қорадан ұрланған 2 жылқыны күні бүгінге дейін жергілікті тәртіп сақшылары таба алмапты. Аудан әкімі Асқар Бегманов тиісті органға уақыт оздырмай іздестіру шараларын жеделдетуді тапсырды. Аудан әкімі мұндай заңбұзушылықтарды азайту үшін округтерге камералар орнатылатынын айтты.

Асқар Бегманов – М.Жұмабаев ауданының әкімі:


– Бүгінгі күні Булаево қаласында 27 камера орнатылды. Алдағы уақытта әрбір елдімекенге камералар орнатылмақшы. Бейне құрылғының қылмыстарды ашуда берер көмегі зор. Былтыр бейне бақылау камерасы арқылы 500-ге жуық әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді.

Былтыр М.Жұмабаев ауданының әкімі мен округ әкімдеріне жалпы саны 217 ұсыныс-тілек түскен. Осы күнге дейін көбі шешіліп, 3 мәселе 2018 жылға қалдырылыпты. Олар ауыл еңбеккерлерін қыс мезгілінде жұмыспен қамту, кадр жетіспеушілігі және жол мәселеріне қатысты. Жергілікті билік биылғы өтініштер де аяқсыз қалмайтынын сендірді.

Берік Қасен