Құқық қорғау органдары

5 көлікті жайратып, оқиға орнынан зым болған жүргізушіге қатысты сот отырысы өтті

Ол былай тұрсын, көлігінің рөлін жолды өтіп бара жатқан жүргіншіні соғып кетпеу үшін әдейі бұрдым деп ақталды. Алайда, жазбада ол жүргінші атымен жоқ. “Тойота Камриді” тізгіндеген Бахтияр Рамазановты басқа көлік иелерінің тағдыры мүлдем алаңдатпаған сыңайлы. Өйтпесе, оқиға орнынан қашып кетер ме еді?! Оны сотқа шақырудың себебі де осы болған.

Бахтияр Рамазанов, жол-көлік оқиғасына кінәлі:


– Оқиға орнынан қорыққаннан кетіп қалған жоқпын, денсаулығымды ойладым. Басымды жарақаттап алдым, онымен қоса, көліктің әйнектері сынған болатын. Бұған дейін мұндай оқиға басыма түспеп еді. Сондықтан, не істеп не қоярымды білмедім.

Сорақысы – айыпталушының темір тұлпар рөліне отыруға құқығы болмаған. Жүргізуші кәлігінен айыпты жігіт 2014 жылы айырылып қалыпты. Бұған қоса, куәгерлер сол түні Рамазанов ішкілікті күйде болды деп отыр. Алайда, бұл фактіні дәлелдеу мүмкін болмады. Айыпталушы соққан көліктердің арасында Баймағамбет Барлыбаевтың 13 миллионға алған су жаңа Вольксваген Тигуаны да бар.

Баймағамбет Барлыбаев, куәгер:


– Маған келтірілген шығын көлемі 2 млн теңгені құрап отыр. Рамазанов көлігімді жөндеп берейін деді. Алайда темір тұлпарымның кепілдеме уақыты аяқталған жоқ. Сондықтан одан жаңа көлікті талап етпекшімін.

Оқиғаға кінәлі жүргізушінің мүгедек әкесі мен кәмлетке толмаған баласы бар екен. Үкім шығарарда судья осы фактілерді ескерді.

Асламбек Қошенов – Петропавл қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы:

– Бахтияр Рамазанов ҚР әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 611 бабы, 3-бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, 100 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.

Бұл сот отырысына соғылған көліктердің жүргізушілері куәгерлер ретінде қатысты. Алда Рамазановты келтірілген материалдық шығындар бойынша өтетін тағы бір отырыс күтіп тұр. Оған бүгінгі куәгерлер жапа шегуші ретінде шақырылмақ.

 

Мағжан Ахмадина