Спорт

Тәртіп сақшылары арасында шайбалы хоккейден өткен ҚР ІІМ чемпионаты қорытындыланды

Рафаил Сингатулин – жарыстың бас төрешісі:

– Барлық командалар өте тартысты ойын көрсетті. Әрине, мұз үстінде сырғанай білу бір бөлек, хоккей ойнау бір бөлек. Сол себепті бұл сайыс ойыншыларға оңай түспеді. Ойын барысында төбелестер де орын алды. Жалпы ақмолалықтар мен солтүстікқазақстандықтар өздерін жақсы көрсетті.

Сонымен, чемпионатта Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстарының құрамалары арасынан топ жарып, қарсыластарынан озған СҚО ІІД командасы 1-ші орынға ие болды.

СҚО ІІД жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкері Ринат Рахимов хоккеймен бала кезінен айналысып келеді. Облыс орталығында осындай шараның өтетінін естіп, қатысуға ниет білдірген. СҚО құрамасының капитаны дайындық барысында қиыншылықтардың болғанын жасырмайды. Алайда, құраманың ұжымдасып әрекет етуінің арқасында, жерлестеріміз жеңіске жеткен.

Ринат Рахимов – СҚО ІІД құрама командасының капитаны:

– Сайысқа күніне екі рет дайындалдық. Ойын барысында қиындықтар көп болды. Себебі, барлық командалар жеңіске жетеміз деген мақсатпен келді. Әйтеуір, бағымыз жанып, бірінші орынды иелендік.

Ал Ақмоладан келген команда шайбалы хоккеймен 2 жыл айналысып келеді. Сондықтан, тәжірибелері де молынан. Дегенмен, қателіктерге бой алдырғандықтан, ақмолалықтар жерлес құрамаға есе жіберді.

Рүстем Мурзин – Атырау облысы ІІД құрама командасының капитаны:

– Ойыншылардың барлығы мықты ойын көрсетті. Әсіресе, солтүстікқазақстандық команданың қарқыны күшті болды. Барлығы жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын.

Үздіктер үштігін қостанайлықтар тұйықтады. Сонымен қатар, кездесулер барысында ерекшеленген жекелей ойыншылар да марапатсыз қалмады. Мәселен, “Үздік қорғаушы” номинациясы павлодарлық Марат Нажмиденовқа бұйырса, “Үздік шабуылшы” атағына қарсыластарының қақпасына қатарынан 6 шайба салған СҚО ІІД құрамасының ойыншысы – Евгений Югов ие болды. Жалпы мұндай жарыстар ел аумағында алдағы уақытта дәстүрлі түрде ұйымдастырылмақ.

Молдир Макишева