Қоғам

СҚО газ бағасы қымбаттады

–  Петропавлдықтарға көгілдір отынды “Горгаз сервис” серіктестігі тасымалдайды. Қазір аталған компания шаһардағы 731 үйдің тұрғынына газ жеткізіп отыр. Осы ақпан айынан бастап кәсіпорын газдың бағасын өсірді. Енді, жерлестеріміз 1 куб көгілдір отын үшін, бұрынғыдай 489 теңге емес, 522 теңгеден төлейтін болады.

Жалпы, “Горгаз сервис” серіктестігі көгілдір отынның құнын 15,5 пайызға көтермекке әрекет еткен болатын. Бұл жайлы 11-ші қаңтар күні өткен қоғамдық тыңдалымда айтылды. Алайда, тариф компания өкілдері қалағандай мөлшерде өспеді. Нақты бағаны жақында Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің СҚО бойынша департаменті бекітіпті.

Жандос Ермағамбетов – Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысы:

–  Қаңтар айының 26 күні біз нақты газ тарифін бекіттік. “Горгаз сервис” серіктестігінің және қоғамдық тыңдалым қатысушыларының ұсыныс-тілектерін ескере келе көгілдір отынның бағасы 6,62 пайызға өсті. Жаңа баға петропавлдықтардың қалтасына айтарлықтай салмақ түсірмейді деп ойлаймын.

Тарифтің көтерілуіне бірнеше себеп бар. Оның алғашқысы – биылдан Атырау мен Ақтөбедегі зауыттардан газдың бір тоннасы 38 мың теңгеден сатыла бастауы. Бұрындары осындай мөлшердегі көгілдір отын 28 мың теңгеге өткізілетін. Тағы, “Горгаз сервис” серіктестігі бағаны өсіру арқылы жұмысшыларының жалақасының көтеруге ниеттенген.

Жандос Ермағамбетов – Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысы:

–  Тыңдалымда серіктестік жұмысшыларының еңбекақысын өсіру керектігі айтылды. Мұның бәрін біз ескердік. Алайда, бірінші кезекте, халықтың жағдайын ойлап, тарифті шарықтатқан жоқпыз. “Горгаз сервис” серіктестігі заң жүзінде бағаны әр ай сайын көтеруге ұсыныс білдіре алады. Бірақ, тариф еліміздегі газ құнының қымбаттауына және басқа да мәселелерге байланысты өсті.

Сұйытылған мұнай газы бағасының қымбаттауына теріскейліктер әрине наразы. Олар тарифтің тұрақты болғанын қалайды.

– Газдың қымбаттағаны дұрыс болмады. Тұрғындардың қалтасын қағады.

– Біз әжей екеуміз тұрамыз. Айына шамамен 2 куб газ жағылады. Енді, жаңа тариф бойынша 1000 теңге төлейтін боламыз. Бұл біз сияқты зейнеткерлер үшін қымбат.

Айта кетейік, өңірде соңғы рет сұйытылған мұнай газының құны өткен жылдың шілдесінде өсіп, баға 14 пайызға қымбаттаған болатын.

 

Байболат  Култанов