МТРА жаңалықтары

Барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есептік кездесулері жалғасуда

Өнеркәсіп, бизнес, мәдениет пен спорт салалары даму үстінде. Ал, халық тарапынан түсіп жатқан барлық мәселелер біртіндеп өз шешімін табуда дейді шаһар басшысы.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:


– 01-18 Өткен жылғы есептік кездесуде 70-ке жуық сұрақ пен өтініш түсті. Бір жыл көлемінде бұл ретте жүйелі түрде жұмыс жасадық. Бүгінде мәселелердің барлығы шешілді деп айта аламыз. Ал, Жуков, 21 б, Мир 290, Уалиханов 11 мекен жайлары бойынша аула ішіндегі жолды жөндеуге қатысты сметалық құжаттама дайын. Аталған жұмыс биыл атқарылатын болады.

Сондай-ақ, жалпы аумағы 40 мың шаршы метр болатын көпқабатты 30 үйдің ауласындағы жолға асфальт төселген. 3-ші қалалық емхана алдындағы жол да жөнделіп, су жаңа 20 балалар алаңы тұрғызылды, бірқатары жөндеуден өткізілді. Бұған қоса, Новая 110 мекен жайы бойынша асфальт қалыпқа келтіріп, абаттандыру шаралары жүргізілген. Айта берсек, жасалған жұмыс мол. Алайда, әлі де тындырылмаған шаруа жетерлік. Халық алдындағы есебінен соң шаһар басшысы жазбаша түрде келіп түскен өтініштерді оқып, жауабын берді. Сол баяғы ескі ағаштар, жол мәселесі мен балалар алаңқайы өзекті болып қала бермек. Тұрғындардың биыл білдірген лебіздері осы болды.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Қаламыздағы ең үлкен сауда үйінің құрылысына байланысты Хименко көшесі зардап шеккен. Тағы Шухов көшесінің тұрғындары да жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұрап отыр. Өткен жылы 37 шақырым жол орташа жөндеу көрген болатын. Биыл да аталған жұмыстар жалғасын табады. Бүгінде бұл жолдар бойынша сметалық құжаттамаларды дайындадық. Үкімет резервінен қаражат бөлінген соң, шаруаны бастаймыз.

Қала әкімі сондай-ақ, Нель Болатбаев пен Сафуан Шаймерденов көшелері аббаттандырылып, саябақ орнатылатынын тілге тиек етті. Аталған мақсатқа 18 млн. теңгедей қаржы қарастырлып отыр. Шаһарлықтарды орнатылып жатқан аялдама нысандарының жағдайы да мазалауда.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Бұл аялдама павильондары орташа жөндеу барысында әлі де орнатылатын болады. Ал, оған нұқсан келтіргендерді жазаға тартамыз. Өткен жылы бұндай 3 факті тіркелген болатын.

Қордаланған мәселелердің арасында көпқабатты үйлердің жөндеуі де бар. Себебі, баспаналардың басым бөлігі 30-50 жыл бұрын тұрғызылған. Осындай мәселені арқалап, кездесуге Жамбыл Жабаев көшесі, 272 мекен жайының тұрғындары да келген.

Надежда Ковшова Жамбыл Жабаев көшесі, 272 үй тұрғыны:


–  Үйдің шатырынан су ағып, электр сымдарына зақым келтіруде. Екі мәрте өз қаржымызға жөндеген болатынбыз. Енді кезекте тұрмыз. Барлық құжаттар дайын. Сметалық құжаттама төленген, сараптама да бар.


Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:


–  Біз ТҮКШ жаңғырту бағдарламасы аясында көпқабатты үйлердің жөндеуіне қаражат бөлінуін күтудеміз. Егер қаржы қарастырылатын болса, сіздерге көмектесуге тырысамыз.

Ал, Солнечное кентінің тұрғындары жылыту жүйесінің жұмысына наразылықтарын білдіруде. Айтуларынша, соңғы уақытта үйлердегі температура төмендеп кеткен. Марат Тасмағамбетов бұл мәселе алдағы уақытта бір жақты етіледі деп сөз берді. Тағы Борки кентіндегі Машина жасау колледжінің маңындағы жолға асфальт төсеу мәселесі көтерілді. Ал, мектеп мұғалімдері ескі терезелер мен есіктерді ауыстыруды сұрады. Ұстаздар ұжымы өзге базыналарын да жеткізді.

Арман Махметов – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия интернатының мұғалімі:


– Бізге жасанды шағын футбола алаңы қажет еді. Бюджеттен қаражат қарастырып, осы істі біржақты етулеріңізді сұраймыз.

Биыл қалада 10 шағын футбол алаңы тұрғызылмақшы. Барлық есептік кездесулер өткізілген соң, олардың қай жерде орнатылатыны белгіленеді. Жалпы жиын барысында халықтан 148 өтініш келіп түсті. Олардың басым бөлігі инфрақұрылым саласына қатысты екен.

Эльмира Сәдуақасова