Білім

“Өрлеу” біліктілікті арттыру институтының мамандары ауыл мектептеріне жол тартты

Бұл науқан “Өрлеудің” озық әдістемесін ауыл ұстаздарына қолжетімді етпек. Алғашқы аялдама – Мамлют ауданындағы Белое орта мектебі. Мұнда маңайдағы елді-мекендерден келген 30-ға жуық педагог жиналды. Диалог алаңдары, коучингтер, тренингтер – барлығы 5 секция. Олардың бірін не бірнешесін таңдау – әр ұстаздың өз еркі. Мына сыныпта облыс орталығының бетке ұстар мектептерінің өкілдері табыс кілтімен бөлісуде.

Петропавлдағы НЗМ директорының орынбасары Сәулет Мұқанова жиналғандарға білім беру үрдісін оңтайландыру әдістерін түсіндіріп жатыр. Оның сөзінше, президенттік білім ошағының әкімшілігі оқушылар мен ата-аналардың бұйымтайларын тыңдап, оларға әрдайым құлақ асып отырады екен. Бұл шәкірттердің мектепке деген көзқарасын өзгертіп, оқуға деген ынталарын арттырады. Аталмыш бастаманы ауыл мектептеріне неге енгізбеске?!

Сәулет Мұқанова – химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының орынбасары:

– Мәселен “Қазақ әндері” жобасы. 100 ұлттық әнді мектеп оқушылары шаңырақ сағаттарында, іс шараларда орындайды. Бұл жобаны елді-мекендерге де енгізуге болады деп ойлаймын.

Ал мына жерде білім берудің жаңартылған мазмұны аясындағы мәселелер талқылануда. Ауыл ұстаздары жаңа форматта сабақ беру барысында туындаған қиындықтарымен бөлісіп жатыр.

Анар Шәріпова – Белое орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, Мамлют ауданы:

– Мен бастауыш сыныптарда сабақ беремін. Олар баға үшін ғана сабақ оқуға үйреніп қалған. Сондықтан сабаққа деген қызығушылықтарын арттыру қиын. 

Педагогтар тап болған машақатты мәселелердің шешімін “Өрлеудің” тәжірибелі тренерлері түсіндіруде.

Күлзағира Нұртаева – “Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы “СҚО ПҚ БАИ” жаттықтырушысы:

– Ұстаз оқушылар үшін білім көзі емес, қызықтырушы, көшбасшы болуы тиіс.Журналға күнде баға қоймаса да, ұстаз оқушылардың қызығушылықтарын көтеріп отыруы керек.

Өңірде ұстаздар тапшы, әсіресе бұл мәселе ауылдық жерлерде өзекті. Бұны ескерген біліктілікті арттыру орталығының мамандары түлектерді педагогикалық кәсіпке баулуға да ерекше көңіл бөлген. “Десант” аясында арнайы маман Белое орта мектебінің 10 және 11 сынып оқушыларымен диалог жүргізді. Бұл кездесу қарапайым лекция емес, қызықты ойын түрінде өтті. Осылайша, жыл аяғына дейін біліктілікті арттыру институтының тренерлері мен оқытушылары өңірдің барлық аудандарын араламақшы.

 

Саят Ермек