Мәдениет

Облыс орталығында “Музейге барамын” акциясы бастау алды

Ал, Африка деп аталған залда балғындар шиншилла, қоян, маймыл, крокодил, кесіртке сияқты түрлі құрлықтарды мекендейтін жануарларды көре алды. Бұл экзотикалық аңдар музейге Астанадан жеткізіліпті. Музейдегі қызықтар мұнымен шектелген жоқ. Оқушылар қазақ халқының тарихы мен мәдениетінен мол мағлұмат беретін бөлмелерді де аралады. 12 жасар Яна Ахмадеева музейге алғаш рет келген екен. Ол үшін мұндағы әр экспонат тылсым сырға толы. Мәселен, жаугершілік замандарда қазақ батырларының киген киімі мен қолданған қарулары ерекше көз тартады дейді жеткіншек.

Яна Ахмадеева – Петропал қаласының балалар үйінің тәрбиеленушісі:

– Маған музейді аралаған ұнады. Бүгін тек теледидардан ғана көрген жануарларды көрдім. Жерде жатқан жыланды көргенде, тіпті қорқып кеттім. Сонымен қатар, батырлардың қарулары мен тарихи экспонаттар ұнады. Жалпы бүгінгі шарадан өзіме көп мағлұмат жинадым.

Бүгінгі “Музейге барамын” акциясы “Рухани жаңғыру” бағдарламасының аясында қолға алынып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осылайша олар балаларды туған жердің тарихын зерттеуге баулып, патриоттық сезімдерін арттыруға ықпал етпекші.

Рақат Мамбеталинов – СҚО мәдениет, архив және құжаттама басқармасының тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі бөлім басшысы:

– Осы шара аясында тарихи-өлкетану мұражайына балалар үйінің тәрбиеленушілерін шақырдық. Олар музейдің барлық бөлімдерін аралап шықты. Бұл акция бір жыл көлемінде жалғасады.

Жалпы облыстық тарихи-өлкетану музейін өткен жылы 110 мың адам тамашалаған екен. Олардың 70 мыңы – оқушылар.

Молдир Макишева