Ауыл шаруашылығы

2016 жылдан бері өңірімізде карантиндік лаборатория жұмыс істеуде

Александр Трифонов – «СевЕсильЗерно» ЖШС директорының орынбасары:

– Біздің серіктестік аумағында лаборатория бар. Алдымен, сол жерде бидай мен кебекті зерттеп аламыз. Кейін, осы орталық мамандарының көмегіне жүгінеміз. Себебі, өнімдерімізді шетелге экспорттау үшін міндетті түрде фитосанитарлық сертификатымыз болуы қажет.

Ал, өнімдерді еліміздің басқа өңірлеріне жөнелту үшін карантиндік сертификат қажет. Екеуін де облыстық аумақтық инспекциядан алуға болады. Мәселен, былтыр өнімді экспорттауға құқық беретін 39 мың фитосанитарлық және 11 мыңға жуық карантиндік құжат берілген. Өтінішті егов электрондық порталы арқылы немесе аумақтық инспекцяның кеңсесіне келіп беру қажет. Тауардың сынамасы алынғаннан кейін, сертификат 3-5 күн аралығында дайын болады. Атап өткен жөн, аталған қызмет тегін жүзеге асырылады.

Ильмира Қажымұратова – СҚО аумақтық инспекциясының карантиндік өсімдіктер бойынша бас инспектор-маманы:

– 2018 жылдың басынан тауарды тиісті сертификатсыз Қазақстанға әкелгендер кездесті. Мұндай 18 фактіні тіркедік. Басым бөлігі бидайды Ресей елінен экспорттамақ болған азаматтар. Құжатсыз өнімді елдеріне қайтарып, әкімшілік жазаға тарттық. Жалпы, бұндай заңсыз тасымалмен айналысқандарға 30-50 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Лабораторияда каратиндік құжат беру үшін өнімдерге 6 түрлі сараптама жасалады. Үстіміздегі жылы барлығы 112 сынама тексерістен өткізіліп, 91 карантиндік куәлік табысталыпты.

Юлия Стрела – СҚО карантинді лабораториясының директоры:

– Өткен аптада тексеріс барысында Қостанай облысынан әкелінген сәбіз тұқымынан арамшырмауық табылды. Паразиттік арамшөп өсімдіктің өнімділігін 80 пайызға азайтады. Шаһардағы бірнеше дүкендерге тарап үлгерген екен. Сараптама жасалған соң, барлық тауарды қайтарып жібердік.

Осы тектес тексерісті талап ететін түрлі дақылдар Қазақстаннан 35 мемлекетке эскпортталады. Ал, Польша, Литва, Эквадор, Индия, Қытай сынды 13 мемлекеттен керісінше көкеніс, жеміс-жидек импортталады. Бұл тауардың барлығы міндетті түрде лабораториялық тексерістен өтеді.

 

Эльмира Садвокасова