Спорт

“Құлагер” ХК “Теміртау” құрамасын қосымша кезеңде тізе бүктірді

Дегенмен, атой салған жанкүйерлердің де, құлагерліктердің де қуанышы су сепкендей басылды. Орнынан жылжып кеткен қақпаға түскен шайба есепке алынбады. Алғашқы үзіліс, есеп әзірге 0:0. Ойынның көкесі екінші кезеңде басталды. Период басында тәртіп бұзған Теміртау шабуылшысының алаңнан қуылмасы бар ма, бұл басымдықты теріскей жігіттері сәтті пайдаланып, есеп ашты. Шайба авторы – Денис Стасюк.

Ал араға үш минут салып 29-шы нөмірлі “Құлагер” шабуылшысы Максим Волков таблодағы есепті еселей түсті. 2:0 – алаң иелері әзірге алда. Есепті теңестіруге тырысқан қонақтар қызуқандылық танытып, қысым көрсете бастады. Нәтиже 11-ші минутта келді. 92-ші нөмірлі теміртаулық Александр Зубрицкий Янков қақапасының осал тұсын таба білді. Ал кезең аяғына 5 минут қалғанда мұз алаңында төбелес орын алды.

Мұндай сорақылық, әрине, айыпсыз қалмады. Екі құрамадан да үш ойыншыдан алаңнан қуылды. Олардың екеуіне – 10 минуттық тәртіптік жаза белгіленді.

Александр Шимин, “Құлагер” ХК аға бапкері:

– Теміртаулық ойыншы төреші ысқырығынан кейін соққы жасап, шайба қақпашы Янковтың қолына тиді. Бұл бассыздыққа шыдамаса керек, құрама капитаны Ильгиз Нуриев қарсыласқа жұдырық ала жөнелді. Оған қорғаушы Дамир Рамазанов та қосылды. Кездесулер барысында мұндай жағдайлар болып тұрады. Екі құраманың да кінәсі бар, сондықтан төрешілер әділ шешім қабылдады деп ойлаймын. Тек бұл оқиға команданың көңіл-күйіне әсер етпесе болғаны.

Дегенмен, әсер етті. Қақтығыс құлагерліктерді қырағылықтан айырған сыңайлы. Екінші жиырмаминуттықтың аяғында теміртаулық Ренат Сафиннің соққысы қақпаға кіріп, есеп 2:2 жетті.

Үшінші периодта да теміртаулықтар тәртіп бұзудан тыйылмады. Кезеңнің жатрысын алаң иелері басымдылықта өткізді. Алайда, нәтиже жоқ. Негізгі уақыт 2:2-мен аяқталғандықтан, овертайм. 5 минутқа созылған қосымша кезеңнің соңғы минутында Валерий Садиковтың соққысы діттеген жерге дөп тиіп, құлагерліктерге жеңіс сыйлады.

Максим Волков, “Құлагер” ХК шабуылшысы:

– Басымдықты кездесу аяғына дейін сақтай алмаймыз. Осал тұсымыз осы. Бүгін де солай болды. Онымен қоса, “Теміртау” агрессивті құрама. Оларға психологиялық тұрғыда ұдайы қысым көрсетіп отыру керек. Бүгінгі қателіктердің орнын келесі кездесуде толтыруға тырысатын боламыз.

Осылайша теріскейлік имек таяқ шеберлері жеңілістер сериясын бұзды. Қосымша уақытта жеңісті суырып алған алаң иелері 2 ұпай еншілеп, турнирлік кестеде бір сатыға көтерілді. Қарымта кездесу – Спорт сарайында кешкі сағат жетіде.

 

Саят Ермек