Қоғам

“Business Lady Qazaqstan” жобасының финалдық кезеңі өтті

Қатысушылардың жасына шектеу қойылмаған. Бизнес леди атағына үміткерлердің ең жасы -19-да. Алайда, Альбина Қайырбекованың осы уақытқа дейін бағындырған белесі ауыз толтырып айтарлықтай. Нәзікжанды 2017 жылы өңіраралық сайыста «үздік жас кәсіпкер» атаныпты. Бүгінгі байқауда да осы нәтижені қайталамақ ниетте.

Альбина Қайырбекова – “Business Lady Qazaqstan” жобасына қатысушы:

– Мен екі жыл бойы киім тігу және жөндеумен айналысып келемін. Байқау жайлы аудандық әкімдіктен естіп, қатысуға бел будым. Түрлі шеберлік сыныптарына қатысып, біраз қажетті мәлімет жинадым.

Жеңістен үміттілердің қатарында өз ісімен ұзақ уақыт бойы айналысып келе жатқандар да аз емес. Мәселен, Алима Қазкенова шаһар тұрғындарының шаш стилін өзгертіп, ажарларын ашуға үлес қосады. Ал осыдан 5 жыл бұрын өз ісінің шебері жеке сұлулық салонын ашып алған.

Алима Қазкенова – “Business Lady Qazaqstan” жобасына қатысушы:

– Бүгінгі менің шығармашылық нөмірім – ініммен бірігіп ән айтамын. «Арнау» тобының «Егіз лебіз» деген әні. Осы байқауға 16-қаңтардан бастап дайындалдық. Сайыс өзіме өте ұнады.

Байқауда іскер келіншектер қазылар алқасы мен көрермендерді өнерімен ғана емес, эрудициясымен де тәнті етті. Оларға Қазақстанға, өңірге танымал, түрлі салада еңбек ететін жандар өз сұрақтарын қойды. Үміткерлер болса, алғырлықтарын танытып, сауалдарға мүдірмей жауап беруге тырысты. Атап өту қажет, бұл – ел көлеміндегі бизнес ледилердің басын біріктіретін алғашқы сайыс.

Сәуле Қайсар – “Business Lady Qazaqstan” жобасының ұйымдастырушысы:

– Өзім Петропавл тумасы болғандықтан, алдымен, байқауды осы шаһарда өткізуді жөн санадым. Кейін кезекпен еліміздің барлық қалаларын аралап, үздік нәзікжандыларды іріктемекпіз. Кастинг барысында олардың жас ерекшеліктеріне шектеу қойылмады. Ең бастысы, көрсететін өнері мен өзгелермен бөлісер тәжірибесі болғаны абзал.

Бірнеше кезеңнен сүрінбей өтіп, өзінің мықты дайындығын көрсете білген Анар Альмишева Business Lady Qazaqstan жобасының облыстық кезеңінің жеңімпазы атанды. 3 баланың анасы 2005 жылдан бері құрылыс материалдарды сатумен айналысуда. Нәзікжанды енді Бурабайда өтетін республикалық байқауда өңір намысын қорғап, үздік кәсіпкер атағы үшін бақ таластырмақ.

 

Эльмира Садвокасова