Спорт

Петропавлда шайбалы хоккейден ҚР ІІМ чемпионаты жалауын желбіретті

Сағындық Темиреев – СҚО ІІД қадрларды басқару бөлімі бастығының орынбасары:

– Павлодар, Қостанай Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының полицейлері қатысуда. Біріншілікті Астананың 20 жылдығына арнадық.

Біріншіліктің ашылуына облыс әкімі Құмар Ақсақалов та қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Қатысушы құрамаларға, спорт сүйер қауымға, шайбалы хоккейден ІІО арасындағы чемпионатқа қош келдіңіздер дегім келеді. Елбасы тапсырмасы бойынша елімізде заманға сай спорт нысандары тұрғызылып, азаматтар арасында саламатты өмір салтын дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Бүгінгі біріншілік осының айқын дәлелі.

Чемпионаттың алғашқы шайбасын тастау құрметі де өңір басшысына бұйырды.

Саят Ермек – тілші:

– Қоғамдық тәртіпті қадағалап, қылмыскерлерді құрықтауға әр тәртіп сақшысы сақадай сай болуы тиіс. Сондықтан еліміздің 4 облысынан жиналған ІІД мамандары шыдымдылық пен шымырлықты қажет ететін шайбалы хоккейден өзара үздікті анықтамақ. Алғашқы ойында СҚО мен Ақмола облысының полицейлері бақ сынасады.

Ойын екі кезеңнен тұрса, оның әрқайсысы 15 минутқа созылады. Бірінші периодтың алғашқы он минутын екі құрама тең өткізді. Ал кезең аяғына 5 минут қалғанда Солтүстік Қазақстан облысының құрамасы есеп ашты. Шайба авторы – Евгений Югов. Ал араға 2,5 минут салып теріскей полицейлері есепті еселей түсті. Бұл жолы 4 нөмірлі шабуылшы Айбек Садықов ерекшеленді.

Әзірге есеп 2:0. Ақмола облыстық ІІД-нің құрамасы қалып келеді. Десе де, көкше полицейлері өліспей беріспек емес.

Тұрғынбай Мұқашев – Ақмола облыстық ІІД құрамасының ойыншысы:

– Қарсыласымыз мықты, бірақ біз де осал емеспіз. Жақсы дайындалдық.

Екінші кезеңде жергілікті ІІД құрамасы тағы екі шайба салып, есепті 4:0 жеткізді. Алайда Ақмолалық тәртіп сақшылары соңғы минуттарда қарсылас қақапасының осал тұсын тауып бірінен соң бірін екі шайба салды. Қорытынды есеп 4:2. Жеңіс теріскей жігіттерінің еншісінде. Екі күнге жалғасатын турнирдің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі қаңтардың 30-ы кешкі алтыда, А.Винокуров атындағы Спорт сарайында өтпек.

 

Саят Ермек