Құқық қорғау органдары

Облыстық ІІД өз жұмысын қорытындылады

Берік Біләлов – СҚО ІІД бастығы:

– 2017 жылдың 12 айында облыс аумағында 7295 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. 2016 жылмен салыстырғанда бұл 19,2 пайызға кем. Ал, қылмыстардың ашылуы болса, 7 пайызға жақсарды. Былтыр бірнеше жылдар бойы зерттеліп келген істер ашылды. Жалпы тіркелген қылмыстардың басым бөлігі – ұрлық.

Бұған қоса, жолдардағы жағдай тұрақталған. 2016 жылы 227 көлік қақтығысы орын алса, былтыр олардың саны 40-қа азайыпты. Ал, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 87 мың адамға 2 млрд 380 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Олардың басым бөлігі бүгінге дейін өндіріліп алыныпты. Алайда, жетістіктермен бірге, осы саладағы кемшіліктер де баршылық. Әсіресе, аса ауыр қылмыстар саны артып келеді. Өткен жылы аталған санатта 62 факті тіркелген. Тағы өңір басшысы Құмар Ақсақалов тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу шараларын күшейту қажеттігін атап өтті. Ал полиция қызметкерлерінің жүйелі жұмысын қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– ІІ органдарына бюджеттен бөлінетін қаражат жыл сайын артып келеді. 2016 жылы ол 4,7 млдр-ты құраса, былтыр бұл көрсеткіш 5,3 млрд-қа дейін жетті. Нәтижесінде құқық қорғау саласын қажетті материалдық-техникалық базамен қамту көрсеткіші жақсаруда. Мәселен, өткен жылы Петропавл қаласында 336 заманауи бейнекамералар орнатылған.

Аталған мақсатқа жергілікті бюджеттен 300 млн. теңге бөлінген екен. Жалпы, бүгінгі таңда өңірде 977 бейнекамера бар. Олардың 410-ы облыс орталығында, қалғаны аудандарда жұмыс істейді. Заманауи технологиялар заңбұзушылықтардың алдын-алып, қылмысты ізін суытпай ашуға септесуде. Өңірдегі жағдайды бірқалыпты ұстап, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде тұрғындардың арасында жүргізілетін түсіндіру жұмыстарының алар орны ерек. Бұл ІІД жанындағы консультативтік кеңестің міндетіне кіреді.

Жасұлан Ахметов – СҚО ІІД жанындағы консультативтік-кеңестік органның төрағасы:

– 3 айда бір рет кеңестің отырысы өтеді. Шара барысында бүгінгі таңдағы ең өзекті деген мәселелерді қарастырып, оның шешімін табуға тырысамыз. Бұдан бөлек, ІІО қызметкерлерімен бірге көшпелі жиындарға қатысамыз. Мәселен, өткен жылы 13 аудан мен 30 елді мекенде осындай кездесулер өтті.

2017 жылдың қорытындысы негізінде бірқатар бағыттар бойынша табысты жұмыс атқарған ішкі істер бөлімдері марапатқа ие болды. Үздік деп танылғандардың қатарында Уәлиханов ауданының тәртіп сақшылары бар. 50-ден астам полиция қызметкерінің жұмыла жасаған жұмыстарының нәтижесінде өткен жылы 185 қылмыстың беті ашылды.

Марат Әлжанов – Уәлиханов аудандық ІІБ бастығы:

– 2017 жылы ауданда 189 қылмыс тіркелді. Оның басым бөлігі – ұрлық. Олардың алдын-алу және болдырмау шаралары бүгінде жүзеге асырылуда. Былтыр тек 4 істі аша алмадық. Оның төртеуі де ұрлық.

ІІО-да ер жігіттермен иық тірестіріп, өз жұмысын абыройлы атқарып келе жатқан нәзікжандылар аз емес. Анастасия Свиридова солардың бірі. Полиция қызметкері өз саласында үздік атанды.

Анастасия Свиридова – Петропавл қалалық басқармасының учаскелік инспекторы:

– Өз ісімді тиянақты әрі сүйіспеншілікпен орындаймын. Мен 32-ші мектеп оқушыларына жауаптымын. Балғындардың арасында қауіп-қатер тобына жататындар да бар. Кәмелеттік жасқа толмағандармен тіл табысу өте қиын. Бірақ, бұл үшін барымды салып жұмыс істеудемін.

Мінсіз қызметі үшін бүгін тәртіп сақшысы қызметтік көліктің кілтіне ие болды.

 

Эльмира Садвокасова