Мәдениет

1+1 жобасының 4 маусымы басталды

Дмитрий Столбовский – жоба авторы:

– Биыл байқауға келгендердің қатары былтырғымен салыстырғанда екі есеге артқан. 4-ші маусым болғандықтан, биыл қазылар алқасының құрамын да, финалда ән шырқайтын жұлдызды жұптардың да қатарын өзгерттік. Олар ақтық сынға шыққан үміткерлерді бір жарым ай ішінде жақсы дайындап шығады деген үміттеміз. Жалпы байқаудың деңгейі артып келеді.

Қазылар алқасы дайын, конкурсаттардың сахнаға шығар реті белгілі. Сонымен байқау да басталды. Ақтық сынға өту үшін 29 үміткер барын салуда.

Әу, демейтін қазақ жоқ демекші, бұл байқауда Дәулет Омаров Валерий Меладзенің екі бірдей әнін шырқады. Өзінің әсем дауысымен ол бірден көрермендерді баурап алды. Медицина саласында еңбек ететін өнерлі жігіт бала күннен әнге құмар. Меруерт Зұлқарнай да жастайынан өнерге жақын боп өскен. Бұрын талай байқауларда бағын сынап жүрген нәзік жанды, отбасылық жағдайына байланысты сахнаға шыға алмапты. Енді міне, достарының кеңесін тыңдап, аздаған үзілістен кейін қайтадан киелі сахнамен қауышып отыр.

Меруерт Зұлқарнай – байқауға қатысушы:

– Басына бастап қобалжыдым. 10-15 жыл осындай байқауларға қатыспағанмын. Бұрын республикалық конкурстарға да барып тұратынмын. Үйде балаларыммен отырып қалғанмын. Қобыз аспабында ойнаймын. Өнер мектебінде 9 жыл оқығанмын. Кейін мұғалімдікке кеттім.

Осылайша, байқауға қатысушылардың бірі бұрыннан сахнаға жақын болса, бірі жай ғана ән айтуды жақсы көретін жандар. Сондықтан қазылар алқасына да оңай тимесі анық.

Елдос Ислямов – қазылар алқысаның мүшесі:

– Қазылар алқасының әр мүшесі байқауға қатысушыларды түрлі крийтерилер бойынша таңдайды. Бірі вокал жағынан қараса, екіншісі түр-тұрпаты және киіміне мән береді. Мен болсам, олардың сахнада өзін-өзі ұстауы мен әртістігіне баға беремін. Шын талант қобалжуды жеңе біліп, бар өнерін халыққа көрсете білуі тиіс.

Солай сахнада өзін еркін сезіне білгендердің бірі – Ирина Панфилова. Халыққа «Хабар» арнасы арқылы ақпарат жеткізіп жүрген ол ән байқауында бағын сынап көрмекші.

Ирина Панфилова – байқауға қатысушы:

– Көбі журналистік қызмет сахнамен байланысты деп ойлайды. Бірақ ол олай емес. Сондықтан байқауға қатысуға жүрегім ұзақ уақыт дауаламады. Дегенмен, достарым мен жақындарым маған сеніп, қолдау көрсетті. Сөйтіп, бұрын караокеларда ғана ән айтсам, бұл жолы сахнаға шықтым.

Сонымен тыңдалым аяқталды. Қазылар алқасы өз қортындысын шығарды. Олар наурыздың 30-ында «Жастар сарайында» өтетін байқаудың ақтық сынына 13 өнерпазды таңдап алды. Үміткерлер финалда ән шырқайтын жұлдызды жұптардың да есімі белгілі болды. Сол кеште байқау қатысушыларын да оны тамашалауға келгендерді де тосын сый күтеді. Өйткені, қазылар алқасына Мәскеулік өнер жұлдызы шақыртылған. Ерекше шоу мен шетелдік жұлдызды көрем деушілерге сондықтан билет алуға асыққан жөн.

 

Магжан Ахмадина