Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО Қызылжар ауданында Индустриалдық парк салынады

Бүгінде өндіріс ошақтары орналасатын аумақты қоғамдық денсаулық сақтау, төтенше жағдайлар және экология департаменттерінің мамандары тексеріп, тиісті сараптама жұмыстарын жүргізіпті. Мамандардың айтуынша, Индустриалдық паркте өндірілетін өнімдер экологияға кері әсерін тигізбейді. Болашақ кешен орналасатын аумақты өңір басшысы да аралап, қарамағындағылардың пікіріне құлақ асты.

Дәурен Жандарбек – облыс әкiмiнiң орынбасары:

– Келешекте осы жерге зауыттар салатын болсақ, жақын маңдағы темір жолдарға дейін 2 шақырым 600 метр рельстер тарту керек. Кешенде өндірілген тауарларды осы жерден жүк вагондарына тиеп, Қытайға тура экспорттай аламыз. 340 гектар аумақты алатын индустриалдық паркте 10 аталымдағы тауар түрін шығару жоспарлануда. Бұл жерде жылу электр орталығын тұрғызу да қарастырылған.

Бұл аумақ жарамаса, индустриалдық парк Трудовая нива селосының маңында орналасуы мүмкін. Қос елді-мекеннің де географиялық орналасуы тауарды темір жолмен экспорттауға ыңғайлы көрінеді. Екінші ауылдың маңынан бірақ тас жол салу қажет екен.

Жанат Сәдуақасов – қызылжар ауданының әкімі:

– Трудовая нива селосынан 4 шақырым жерде индустриалдық паркке деп 400 гектар бөлінді. Жер учаскесі Астана-Петропавл күре жолы мен темір жолдың ортасында орналасқан. Алайда бір мәселе туындап тұр. Трудовая нива селосында 5 шақырым жолды жаңартып, темір жол тұйығына дейін 500 метр жол төсеу қажет болады.

Құмар Ақсақалов индустриалдық аймақтың өңір экономикасы үшін берері мол дейді. Ауқымды жобаға қытайлық инвесторлар қырауар қаражат құймақшы.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қытайлық әріптестеріміз ауқымды жобаға қомақты қаражат құюға әзір. Бірнеше өндіріс ошағын тұрғызбақшымыз. 80 млрд теңгеге дейін инвестиция тартылады деп күтілуде. Осында шығарылатын өнімдердің бірқатары Қытайға экспортталатын болады. Географиялық орналасу аумағымыз сауда-саттықты жүргізуге өте ыңғайлы. Біз осы әлеуетімізді барынша пайдалануымыз қажет.

Осы күні Құмар Ақсақалов “Солнечный” кентіндегі құрылыс алаңына да барды.

Былтыр осы ықшам ауданға трансформатор, диодты жарық шамдары бар бағаналар орнатылып, электр сымдары тартылған. Жолдар төселіп, әр үйдің ауласында септик салынғыпты. Бұл жұмыстардың барлығына ел қазынасынан 2,5 млрд теңге бөлініп, бүгінде сол қаражаттың тең жартысы игерілген. Мұнда атқарылып жатқан өзге де жұмыстар жайлы облыс әкіміне қалалық құрылыс бөлімінің басшысы есеп берді.

Серік Сабралин – Петропавл қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

– Қазіргі таңда жер үйлердің іргетасы тұрғызылды. 16 үйдің шатыры бар. Мамыр айының соңында 35 баспананы тапсыруды жоспарлап отырмыз. 70 үйді тамыз айында пайдалануға береміз.

Бұл үйлер жер кезегінде тұрғандарға беріледі. Әрбіреуіне 10 сотық жерден бөлінбек.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Шарбақтар да бірыңғай үлгіде болуы тиіс . Өйткені ертең тұрғындар қоршауларды неше түрлі материалдармен қоршап, жеке сектордың сәнін кетіреді. Көктем келісімен қала бюджеті есебінен мұнда көгалдандыру шараларын өткізу керек. Келешекте 2 қабатты тонхаустарды тұрғызу жағын да ойластырамыз. Олардың орналасу аумағы 100 шаршы метрден асып кетпесін. “Солнечный” кенті көз тартатын ықшам аудандардың біріне айналуы тиіс.

Жер үйлерді “Зерттеу СК” компаниясы тұрғызуда. Құрылысшылар өңір басышысына үлгі ретінде дайын үйді көрсетті. Жалпы аумағы 72 шаршы метрді құрайтын бұл нысан шамамен 11 млн 300 мың теңгеге бағаланады. Ішіне жарық, су, жылу желілері тартылып, септик салыныпты. Бұл баспаналарға көптен бері жер кезегінде тұрған Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары үміт арта алады. Бірыңғай архитектуралық үлгідегі бір пәтерлік баспаналар аумағына қарай өзгешеленбек. Әр бірінің шаршы метрі 120 мың теңге болып бекітілді.

Серік Сабралин – Петропавл қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

– Келешекте тағы 139 жер үй тұрғызылады. Оған конкурс негізінде “Құрылыс Сервис” компаниясын таңдап алдық. Құрылыс жұмыстарын солар атқармақ.

Солнечный кентінде барлығы 2 мың 500-ден астам үй салу көзделген. Осылайша тұрғын-үй кезегінде тұрғандардың саны қысқармақ. Бүгінде 13 мың петропавлдық баспанаға мұқтаж. Билік басындағылар осы ауданда мектеп салуды да жоспарлап отыр.

Берік Қасен