Қылмыс

Ғашығының жұбайын өлтірмекші болған азамат 8 жылға абақтыға қамалды

Дастан Исмаилов- Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

– Федор Ромазановтың орта кәсіптік білімі бар, үйленген, әскери міндетті. Астана қаласында тұрып, “Кленвуд” ЖШС директоры болып жұмыс істеген.

Алайда, Ромазановтың отбасылық жағдайы Петропавлда қалған тұрмыстағы ғашығының жұбайына қастандық жасауға кедергі болмаса керек. Сондықтан, қылмыскер пышақ, құрылыс қолғабы, еріткіш құйылған бөтелке мен медициналық бетпердемен жарақтанып, қарашаның 22-сі Петропавлға келеді. Ал келесі күні таңғы бестер шамасында бақталасын көлік тұрағында тосып алып, темір тұлпар ішінде мойнына пышақ сұқпақшы болған. Абырой болғанда, жәбірленуші дер кезінде соққыны тойтарып, тек жеңіл-желпі жарақаттармен құтылған. Арамы ойы іске аспай қалған Ромазанов Астанаға қашып кетеді. Алайда, екі күннен кейін оны елордалық тәртіп сақшылары құрықтады. Бұл іс бойынша бірнеше айға жалғасқан сот үрдісінің нәтижесі бүгін белгілі болды.

Дастан Исмаилов- Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

– Федор Ромазанов ҚР ҚК 24 бабының 3 бөлімі және 99 бабынының 1 бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі жоғары мекемесінде өтейді.

Бұдан бөлек, қылмыскер жәбірленушіге моральдық шығын ретінде 250 мың теңге өтемақы төлеуі тиіс. Сот үкімін тыңдауға келген Ромазановтың туысқандары тілішілермен тілдесуден бас тартты.

Саят Ермек