МТРА жаңалықтары

Тайынша ауданына жаңа әкім тағайындалды

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тайынша ауданы Қазақстандағы ең ірі аудандардың бірі. Осы орайда, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту әлеуеті де жоғары. Алайда тапсырмалар тиісті деңгейде орындалмауда. Соңғы 2 жылда ауданда мал басы кеміп кеткен. Тұрғындар да төрт түлікті аз ұстайтын болған. Ет өңдеу – 13 пайыз, сүт және жұмыртқа өндірісі 5 пайызға төмендеді. Тайынша ауданында өңдеуші өнеркәсіптің көрсеткіші 0,5 пайызға жетер жетпес. Міне, ауданда осындай теріс динамика байқалғанда, аудан әкіміне бір жыл уақыт беріп, жағдайды түзетуді тапсырған едім. Дегенмен, ештеңе өзгерген жоқ. Олқылықты жуық арада түзету керек.

Алда сандық технологияларды пайдалана отырып, агроөнеркәсіптік кешенді жаңа сатыға көтеру міндеті тұр. Келешекте Тайынша ауданында атқарылар шаруа мол. Онда алып сүт өңдейтін және сұйық тыңайтқыштар шығаратын зауыттарды тұрғызу жоспарланып қойған. Биооперейшн компаниясында крахмал, глютен әзірлейтін желілер іске қосылмақшы. Келешекте осы ауданда 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ.
Құмар Ақсақалов өсімдік шаруашылығын да мықтап дамытудың маңызына тоқталды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жер көлемі бойынша Тайынша алдыңғы қатардағы аудандардың бірі. Мұнда әртараптандыру шараларын қарқынды жүргізу керек. Былтырғыға қарағанда биыл жауын-шашын мөлшері екі есе аз түсті. Сонда да ақпан айында қар көбірек жауады деген үміт бар. Танап басында қар тоқтату жұмыстарын уақытылы орындаңыздар. Биыл құрғақшылық болуы мүмкін. Кәсіпкерлерге барынша жағдай жасалсын. Құжаттарды ресімдеуі, субсидия алуда кедергілер туындамасын. Ал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз кезегінде еңбеккерлерінің жалақысын көтеру жағын ойластыруы қажет. Жарты жылдан кейін маған аудан әкімдері атқарған жұмыстары бойынша есеп беретін болады. Барлық бағыт бойынша өсім болуы тиіс.

Ауданға инвестиция тарту көрсеткішін де жоғарылату керек. Бұл жұмыстардың барлығы жаңа әкім Владимир Дудовтың мойнында. Оның кандидатурасын аудандық мәслихаттың депутаттары бір ауыздан қолдады. Құмар Ақсақалов жаңа басшының тәжірибесі мол екендігін алға тартып, Тайынша ауданында ауқымды шаруаны тындыруға да шамасы жетеріне сенім білдірді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Владимир Дудов осы өңірдің тумасы. Тәжірибесі мол азамат. Тайынша ауданы сияқты үлкен ауданды басқару оның қолынан келеді.

Ауданның құлдырап кеткен экономикасын көтеріп, әлеуетін жақсартудан бөлек, өңір жетекшісі жаңа әкім мен аудан активіне ТКШ мен аббаттандыру салаларында бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл Тайынша ауданының автомобиль жолдарына 2 млрд теңге бөлінді. Алдағы уақытта Чкалово бағытындағы күре жолдың қалған 21 шақырым учаскесін қалпына келтіріп, Ильичевка мен Бурабайдың арасын жалғайтын жолды қысқартып, төте етіп жасау керек.

Тайынша ауданының әкімі Владимир Дудов өзіне артылған сенімге алғысын білдіріп, жүктелген міндеттерді абыроймен орындауға тырысатынын айтты.


Берік Қасен