Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қызылжар және Мамлют аудандарының әкімдері ауысты

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Жанат Ғаббасұлының мамандығы инженер. Еңбек жолын ПАМЖЗ бастады. Тәжірибелі азамат.

Айта кетейік, соңғы жылдары Жанат Сәдуақасов мемлекеттік қызметте тер төккен. Ол бұған дейін облыстық ішкі саясат, кейін индустриалық-инновациялық даму басқармаларының басшысы қызметтерін атқарды. Енді, міне өңір жетекшісінің шешімімен Қызылжар ауданына әкім ретінде тағайындалып отыр. Бұл ретте Жанат Садуақасовқа артылар жүк ауыр. Алдымен ауыл шаруашылығы саласына көңіл бөліп, егістік алқаптарының аумағын әртараптандыру қажет. Бұл тапсырманы Құмар Ақсақалов жаңа әкімге аудан активімен өткен кездесуде тапсырды.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Сіз аудандағы әрбір ауыл шаруашылығы тауар өндірушісімен тығыз қарым-қатынаста болуыңыз керек. Бірлесе жұмыс атқарып биыл майлы дәнді-дақыл өсетін алқаптардың аумағын 44 мыңға жеткізіңіздер. Іске бүгіннен бастап кіріскеніңіз жөн. Қызылжар ауданы облыс орталығына жақын орналасқан. Сол себепті сауда-саттық жасауға қолайлы. Бұл ретте көкеніс өсіру ісін дамытқан жөн. Өнім көлемін арттырып, қала тұрғындарына одан қалды басқа да өңірлерге өткізу қажет.

Бұған қоса, ауданның индустриясын одан әрі дамыту керек. Ол үшін инвестиция тарту міндеті тұр. Былтыр аудан қазынасына 15,3 млрд теңге қаржы құйылыпты. Биыл да бірқатар жобалар іске аспақ. Өңір жетекшісі жаңа әкімге ресейлік қалталы азаматтармен бірлескен авиациялық зауыт жобасын және қытайлықтармен индустриялдық парк тұрғызу бойынша істі жетілдіруді тапсырды. Тағы, Бескөлдегі нысандарды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу керек.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Жыл соңына дейін 15 әкімшілік және әлеуметтік нысан, 70 тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылуы тиіс. Әзірге тек 5 нысанға жылу берілген. Бұл аздық етеді. Іске ақша бөлінді. Сол себепті осы мақсатта да жұмыс атқарыңыз.

Тағы, Құмар Ақсақалов аудан әкіміне нысандарды биоотынмен жылыту жайын ретттеуді тапсырды. Өйткені, сабанмен жылыту көп шығынды талап етпейді. Білім саласына да көңіл бөлінуі тиіс. Соңғы ҰБТ қызылжарлық мектеп түлектерінің жалпы ұпай көрсеткіші 71-ді құраған. Одан бұрын орташа көрсеткіш 80 ұпай болыпты.

Бұл күні Мамлют ауданының әкімі де ауысты. Лауазымды қызметке Ақжар ауданы әкімінің орынбасары болған Жастілек Сыздықов келді. Үміткердің кандидатурасы жергілікті мәслихат депутаттарының қолдауын тапты.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Жастілек Болатханұлы – 2005 жылы Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін есепші мамандығы бойынша тәмамдады. Енбек жолын Ақжар ауданында орналасқан Үлгі ауылындағы кәсіпорында бастаған. Кейін, аудандық салық комитеті басшысының орынбасарына дейін өсті. Ал, 2011 жылдан бастап Ақжар ауданы әкімінің орынбасары болды.

Мамлют ауданы әкіміне де бірталай тапсырмалар жүктелді. Алдымен, майлы-дақылдар өсірілетін егістіктердің көлемін арттыру керек. Оған қоса, мал ұстайтын шаруашылықтардың да санын да көбейту міндеттелді. Қазіргі күні аудандағы 253 агроқұрылымның тек 40 ғана төрт түлік бағып отыр. Тағы, тұрғындарды жұмыспен қамту міндеті тұр. Олардың уақытылы жалақы алуларын да қатаң бақылаған жөн.

Жастілек Сыздықов – Мамлют ауданының әкімі:

– Маған сенім білдіріп, Мамлют ауданына әкім қылып тағайындағаныңыз үшін рахмет. Елбасы жолдауында жүктелген міндеттерді және Сіздің тапсырмаларыңызды орындауға күш саламын. Тұрғындардың ұсыныс-тілектерін де біржақты ететін боламыз.

Ал, Мамлют ауданының бұрынғы әкімі Ерболат Бекшенов облыстық жер қатынастар басқармасының басшысы қызметіне тағайындалғанын айта кетейік. Бұл ретте өңір жетекшісі оған да алқаптарды дұрыс пайдалана алмай отырған агроқұрылымдармен жұмыс істеуді тапсырды.

Култанов Байболат