Қоғам

2017 жылы СҚО-ға оңтүстік өңірлерден 181 отбасы қоныс аударған

Ерлан Тұрғынов – СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:

– Қоныс аударушылар Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан келді. Олар 13 аудан және Петропавл қаласына орнықты. Ең көп қоныстанған аудандар – М. Жұмабаев, Шал ақын және Мамлют.

Десе де, туған жерінен шалғайға көшуге бел буған отандастарымыздың арасында кіндік қаны тамған жерге қайта оралғандар да жоқ емес. Былтыр отбасылық жағдайлар, ауа райы және басқа да себептермен облыстан 12 жанұя кетіп қалған. Ал теріскейде тұрақтағандарға мемлекет қомақты субсидиялар бөліп, жан-жақты қолдау көрсетуде.

Ерлан Тұрғынов – СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:

– Әр отабсы мүшесіне 35 АЕК көлемінде субсидия беріледі, Ал үй алу үшін 15-21 АЕК қаражат беріледі. Сондай-ақ оларды жұмысқа орнатамыз, балаларына балабақша немесе мектептерден орын береміз. Кәсіп ашам деушілерге жер телімдері және несиелер ұсынылады.

Ал 2018 жылы оңтүстік өңірлерден 690 отбасын көшіру жоспарланып отыр. Бұл облысымызға былтыр берілген квота мөлшерінен шамамен 4 есеге артық. Ақпан айында өңір делегациясы оңтүстіктің елді-мекендеріне жол тартпақ. Шара барысында халықпен кездесулер, бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылмақшы.

– Солтүстік Қазақстан облысы қоныс аударушылардың кезекті легін қабылдауға сақадай сай. Бұл жандар облыс бойынша белгіленген 226 елді-мекеннің бірін таңдай алады. Сондай-ақ көшіп келушілер үшін 749 баспана мен мыңнан астам бос жұмыс орындары әзірленіп қойыпты.

 

Саят Ермек