Қоғам

Мамлют ауданының әкімі Ерболат Бекшенов халық алдында есеп берді

Мазипа Кажекова – Мамлют ауданының тұрғыны:

– Мектептің іші суық. Әйнек жақтаулары ескі. Өзіміз бояймыз. Терезе полиэтиленмен қапталған. Қазір, тіпті, дұрыс жабылмайды. Жылда әйнек қоямыз деп айтып жүр. Бірақ, берілген уәде орындалған жоқ.

Сонымен қатар, қала тұрғындарын су мәселесі де алаңдатады. Елді мекеннің басым бөлігі үйлеріне су құбырын өткізіп алған. Қалтасы көтермейтіндер тіршілік көзін бұрынғыдай колонкадан алып жүр. Кей кездері қыс кезінде ондағы су қатып қалады екен. Бұл қала тұрғындарына үлкен қолайсыздық туғызуда.

Осы және өзге де шешімін таппаған мәселелер аудан әкімі Ерболат Бекшеновтің есептік кездесуінде көтерілді. Жиналысқа облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров қатысты. Ең алдымен Ерболат Бекшенов шаһардың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуына егжей-тегжейлі тоқталып, атқарылған істерге шолу жасады. Атап айтқанда, 1 жыл көлемінде негізгі капиталға 3 млрд 28 млн теңгеден астам инвестиция түскен. Ал, жалақы мөлшері бұл ауданда 2,5 пайызға артыпты. Сонымен қатар, аудан басшысы ауыл шаруашылығындағы машина-техника паркінің жаңартылуына ерекше тоқталды.

Ерболат Бекшенов – Мамлют ауданының әкімі:

– 2017 жылдың басынан 80 техника сатып алынды. Соның ішінде – 10 трактор, 10 комбайн, 7 тұқым сепкіш машина, 6 бүріккіш бар. Бұл мақсатқа 1 млрд 249 млн теңге жұмсалды. Ауыл шаруашылығына түскен инвестиция көлемі биыл 1397,2 млн теңгені құрады.

Аудан әкімінің есебінен соң облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров ауданда әлі де болса атқарылмай жатқан жұмыстарға тоқталды.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Мамлют ауданында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 22,3 пайызға артты. Соның ішінде мал өсіру деңгейі 2,4 пайызға жоғарылаған. Алайда, бірқатар көрсеткіштердің төмендеуі байқалады. Мәселен, 2017 жылы 877 млн теңгені игеру қажет болса, оның 6 млн-ы іске жаратылмай қалған.

Кейін тұрғындар көкейде жүрген сауалдарын қойып, өтініш-тілектерін білдірді. Тұрғындардың сұрағы негізінен жолдың жағдайы, жарықтандыру және ауыл шаруашылығына қатысты болды.

Еслям Омаров- “Омаров” фермерлік шаруашылығының директоры:

– Қазіргі таңда мен 72 қара мал ұстаймын. Оны бағатын жайылымдық жер жетпейді. Сол себепті, 1000 гектар жер бөлінсе деген өтінішім бар.

Ерболат Бекшенов:

– Бос жайылымдық жерлер жоқ. Бірақ, 100-200 гектар жер бөліп беруге тырысамыз.

«Жыртық үйге тамшы үйір» демекші жиын өтіп жатқан мәдениет үйіне толықтай жөндеу жұмыстары жүргізілсе де, төбесі ауыстырылмаған. Сол себепті, жаңбыр жауғанда, нысан ішіне су кіретін көрінеді.

Айдарбек Сапаров:

– Бұл мәселе жақын арада шешіледі. Аталған ғимараттың шатырын жөндеуге қажет қаражаттың 50 пайызы облыс бюджетінен бөлінсе, қалған бөлігі ауданнан қарастырылсын.

Жалпы өткен жылғыы есептік кездесуде Мамлют ауданының әкіміне 210 ұсыныс-тілек келіп түскен екен. Оның 50-і жұмыссыздыққа байланысты болса, 41-і үй баспанасы мәселесіне қатысты.

Молдир Макишева