МТРА жаңалықтары

Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі болып Болат Жұмабеков тағайындалды

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Болат Серікұлы еңбек жолын Тимирязев ауданы әкімінің аппаратынан бастап, кейін түрлі лауазымдық қызметтерді атқарды. Облыс әкімінің орынбасары, Петропавл қаласының әкімі болды. Ал, осы тағайындауға дейін Қызылжар ауданын басқарды. Оның жеткілікті тәжірибесі бар.

Кейiн Айдарбек Сапаров ауданның жаңа басшысы Болат Жұмабековке бiрқатар тапсырмалар жүктедi. Ең бастысы – Елбасы Жолдауында айтылған басым бағыттарды жүзеге асыру.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Ауыл шаруашылығын дамыту қажет. Өңірде егіс алқаптарын әртараптандыру шаралары қарқынды жүргізілуде. Сондықтан, ауданда да олардың көлемін 160 мың гектарға жеткізу межесі тұр. Тағы мал шаруашылығына қарқын қосып, мемлекет ұсынған түрлі бағдарламаларға белсене қатысу керек. Ауданың экономикасын еселеп, кіріс бөлігін арттыру қажет. Инвестиция тартып, өндіріс саласына да қарқын қосылуы тиіс.

Тағы ауданның жаңа басшысы инфрақұрылымды дамыту ісіне екпін беруі қажет. Өз кезегiнде Болат Жұмабеков өңірдегі іргелі ауданды басқаруға зор сенiм бiлдiрген аймақ басшысына алғысын бiлдiрiп, алға қойған тапсырмаларды жүзеге асыруға дайын екендiгiн жеткiздi.

Болат Жұмабеков – Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:

– Маған сенім білдіріп, осы ауданға жіберген облыс басшылығына алғысымды білдіремін. Алдымыздағы тапсырмаларды орындауға дайынбыз. Осыған дейін аудан әкімі жасаған істерді жалғастырып, ауданның одан әрі дамуына үлес қосамын деген ойдамын.

Айта кетейік, осыған дейін мұнда басшылық еткен Владимир Дудов та осы ауданның тумасы. Туған жерінің дамуына үлес қосқан ол 3 жылдан астам уақыт өзiне қолдау көрсеткен жерлестерiне алғыс бiлдiрiп, ауданның жаңа әкіміне сәттiлiк тiледi.

Владимир Дудов  Ғ.Мүсірепов ауданының бұрынғы әкімі:

– Біздер алға қойылған тапсырмаларды бірігіп, жылдам шеше білдік. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына әрбір адам үлес қоса білді. Осы жерде зор тәжірибе жинақтадым. Барлықтарыңызға алғыс білдіремін.

Владимир Дудов енді Тайынша ауданын басқарады.

 

Магжан Ахмадина