Ауыл шаруашылығы

Агроөнеркәсіп кешенін жаңғыртудың алғышарты – “ақылды технологиялар”

Бұл мәселені мемлекет басшысы 2016 жылдың қыркүйегінде теріскейдегі іс-сапарында да қозғаған болатын. Ал жуырда жарық көрген халыққа жолдауында Елбасы бұл мәселеге жіті назар аударды. Президенттің айтуынша ырыздықты ақылды суарудың, минералды тыңайтқыштарды себудің, сондай-ақ зиянкестер және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелерін қолдану керек. Өңір диқандары өз жұмысына заман игіліктерін ендіруге сақадай сай, тек мүмкіндік болса дейді.

Жомарт Омаров, “Шағала-Агро” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Біздің серіктестік тек бидай өсірмейді, биыл майлы дақылдарға, нақтырақ рапс және зығыр өсіруге басымдылық бердік. Өнімді бельгия, Польша, Германияға жібереміз.

Жаңа технологияларды енгіздік делік. Ал оларды жергілікті табиғат жағдайларына қалай бейімдейміз?! Бұл мәселені де Елбасы назарсыз қалдырмады. Бұл үшін алдымен аграрлық ғылымды дамытуымыз керек. Яғни, осы бағытта мамандарды даярлайтын оқу орындарының бағдарламарын жаңартып, озық білім мен үздік тәжірибе жүйелерін жасап шығару шарт. Бұл орайда да теріскейде тың шаруа тындырылып жатыр.

Аюп Ысқақов – «СолтҚазМӨҒЗИ» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:

– Қазір Кореяның ауыл шаруашылық технологияларына негізделген жаңа интерактивті жобаны жасап жатырмыз. Бұл кәрістердің озық тәжірибесін Қазақстанға ендіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ өңірдің ауылшаруашылығы колледждерімен әріптестік орнатып, жақсы мамандарды даярлауға ат салысып жүрміз.

Жолдауда басы ашылған тағы бір мәселе – әлемге танылатын “Қазақстанда жасалған” табиғи азық-түлік брендін жасау. Яғни, бізде шығарылған өнімдер шетелдіктерді өзінің табиғилығымен, балғындығымен тартуы тиіс. Ол үшін алдымен экспорт көлемін арттыру шарт деді Елбасы. Сондықтан фермерлерге алдағы 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін, онымен қоса өңделген ауылшаруашылығы тауарларының экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыру міндеттелген.

 

Саят Ермек