МТРА жаңалықтары

2017 жылы Уәлиханов ауданының 24 тұрғыны мемлекеттік бағдарлама бойынша кәсіп ашқан

Жоба 5 млн. теңгеге айналыпты. Оның 1 млн., 400 мыңын мемлекет берген. Азаматша алдымен “нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы бойынша несие алыпты. Қаражаттың басым бөлігі жер телімін сатып алуға, онда жаңа ғимарат тұрғызуға жұмсалған. Қалғанына қажетті қондырғылар алыныпты.

Асмагүл Балтабаева – “Балтабаева” ЖК директоры, Уәлиханов ауданы:

– Шаштараз жабдықтарын Алматыдан тапсырыс беріп алдырдым. 1 млн теңге жұмсалды. Мұнда балалардың, ерлердің, әйел азаматтардың шаштарын қиямыз, сондай-ақ тырнақ әрлейміз және кірпік ұзартамыз.

Ауыл үлкен дейді кәсіпкер, ал шаштараздардың саны аз. Сондықтан мұнда келушілердің қатары қалың. Күніне шамамен 15 адамға сапалы қызмет көрсетіледі. Оны тұрғындардың өздері айтып отыр.

Әмина Сыздықова – Кішкенекөл ауылының тұрғыны, Уәлиханов ауданы:

– Шашатараздың ашылғанына қуаныштымын. Ылғи шаш қию үшін келіп тұрамын. Қызмет сапалы.

Кәсіпкердің алға қойған ауқымды жоспарлары да бар. Шағын ғана шаштаразды Асмагүл ауқымды сән салонына айналдырмақшы.

Асмагүл Балтабаева – “Балтабаева” ЖК директоры, Уәлиханов ауданы:

– Алдағы уақытта массаж және косметолог кабинеттерін ашуды жоспарлап отырмын.

Қазір кәсіпкер үш ауыл тұрғынын еңбекпен қамтып отыр. Ал мемлекеттен алған несиені Асмагүл Балтабаева 4 жылдың ішінде, жылына 6 пайыздық үстемемен қайтарады. Жалпы, өткен жылы шарапаты мол бұл бағдарлама бойынша бірнеше аудан тұрғыны кәсібін ашып, ісін дөңгелеткен.

Жолдыбай Хасенов – Уәлиханов ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

– 2017 жылы 24 аудан тұрғыны бағдарлама бойынша 87 млн теңгенің несиесін алды. 2018-де қаражат алғандар әзірге жоқ. Бірақ өтініштер түсіп жатыр.

Тағы, өткен жылы Уәлиханов ауданының 210 тұрғыны “Бастау Бизнес” жобасының аясында кәсіп ашуға баулитын курстардан өткен екен.

 

Саят Ермек