МТРА жаңалықтары

Қызылжар ауданының әкімі Болат Жұмабеков тұрғындарға есеп берді

Халықты таза ауыз сумен қамту – басты міндеттердің бірі. Бұл мәселені де Бескөл ауылының тұрғындары жылда көтеріп келеді.

Ербол Багенов – Бескөл ауылдық округінің әкімі:

– Бескөлге таза ауыз су Касагорка аулынан тартылған құбыр арқылы келеді. Оның жалпы ұзындығы 50 км. Бүгінде соның 18 шақырымы жөнделді. Алдағы уақытта сол су тарату желісіне Бәйтерек, Подгорный елді мекендері қосылатын болады.

Ал Бескөл ауылында су бар, бірақ оның бағасы шарықтаған. Күлзайра Шоткина тіршілік көзінің құны негізсіз көтерілгеніне наразы.

Күлзайра Шоткина – Бескөл ауылының тұрғыны:

– Қазір судың текше метріне 222 теңге төлейтін болдық. Тіршілік көзінің бағасы негізсіз көтерілген. Осы сұрақты қайта қарастыруларыңызды өтінемін. Бұрынғы бағаны қайтарыңыздар.

Болат Жұмабеков – Қызылжар ауданының әкімі:

– Суық суға тариф өзгереді деп уәде бермеймін. Бірақ баға негізсіз өсірілсе, бұл мәселе қайта қаралатын болады.

Бескөл ауылында баспанамен қамту мәселесі де өзекті. Сондықтан, биыл аудан орталығында 30 пәтерлік жалдамалы коммуналдық баспананың құрылысы басталыпты.

Болат Жұмабеков – Қызылжар ауданының әкімі:

– 30 пәтерлік тұрғын үй “Мирас” балабақшасының маңында көтерілуде. Алдағы уақытта 36 пәтерлік баспананы да тұрғызу жоспарымызда бар. Жақында Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жергілікті жердегі директорымен келіссөздер жүргіздім. Келешекте Бескөл ауылында иптекалық баспаналар салынуы мүмкін. Бүгінде Бескөлде 700 адам жалдамалы баспанаға мұқтаж.

Тағы бір жағымды жаңалық – Бескөл ауылының біраз учаскесінде әбден тозығы жеткен жылу құбырлары жаңасына алмастырылып, көптен күткен жылу қазандығы іске қосылыпты.

Ербол Багенов – Бескөл ауылдық округінің әкімі:

– Бескөлдегі жылу қазандығына әзірге екі мектеп және СҚ мал және өсімдік шаруашылығын ғылыми-зерттеу институтының ғимараты қосылды. Бұл жұмыстар биыл жалғасады. Мемлекеттік мекемелер мен көппәтерлі тұрғын үйлер орталықтандырылған жылу торабына қосылады. Ол үшін тұрғындардың қолында үйдің құжаты, 18 пәтерлі үйдерде бойлер, жылу аспаптары болуы тиіс.

Қызылжар ауданында халықты тұрақты жұмыспен қамту көрсеткіші жаман емес. Мұны жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет ерекше атап өтті. Биыл Қызылжар ауданының түрлі мекемелері тағы 40 маманды қабылдауға әзір. Оларға көтермеақы мен арзан несие беру көзделген.

Берік Қасен